Malim.kz
Әлем

Франция ерікті әскери қызмет енгізбек

Арман Қайыпхан
Фото: Lionel Bonaventure/AFP/Getty Images

Франция 10 айлық ерікті әскери қызметті енгізеді. Бұл туралы 27 қараша, бейсенбі күні Франция президенті Эмманюэль Макрон елдің оңтүстік-шығысындағы Варс-Альер-э-Рисс әскери базасында сөйлеген сөзінде мәлімдеді, деп хабарлайды Malim.kz.

«Жаңа ұлттық қызмет келесі жаздан бастап кезең-кезеңімен енгізіледі», — деді Макрон, Ресей тарапынан төнген қауіптің артқанын атап өтіп.

Оның айтуынша, еріктілер негізінен 18-19 жастағы жастар болады және олар тек Франция аумағында қызмет етеді.

Париж міндетті әскери қызметке шақыруды шамамен отыз жыл бұрын тоқтатқан болатын.

Макронның айтуынша, «айтарлықтай дағдарыс болған жағдайда парламент еріктілерден бөлек, өзге азаматтарды да шақыруға санкция бере алады», сонда әскери қызмет «міндетті» болады. Бірақ мұндай «ерекше жағдай» туындамаса, қызмет тек «қарулы күштердің қажеттіліктерін қамтамасыз ету үшін іріктелген еріктілерге» қатысты болады.

Эмманюэль Макрон Париждің Норвегияны қоса алғанда, басқа еуропалық елдердің тәжірибесіне сүйенгенін айтты. Оның сөзінше, 2026 жылдың жазынан бастап 3000 ерікті тартылады, 2030 жылға қарай бұл сан 10 мыңға, ал 2035 жылға қарай 50 мыңға жетуі тиіс.

Арман Қайыпхан
Автордың басқа материалдары