Франция, Ұлыбритания және Германияның Мәскеудегі елшілері 11 маусым, бейсенбі күні Ресей Сыртқы істер министрінің орынбасары Михаил Галузинмен кездесті. «Еуропалық үштік» (E3) елдерінің дипломаттары Ресейдің Украинаға қарсы соғыстағы соңғы шиеленісті күшейту әрекеттерін айыптап, Киев пен Мәскеу арасындағы АҚШ пен Еуропаның қатысуымен өтетін келіссөздерді қолдайтындарын растады.
Елшілер сондай-ақ кездесуді пайдаланып, Ресейдің «Украинаға қарсы агрессиясы аясында» жүргізіп отырған ақпараттық манипуляция науқандарының күшеюіне алаңдаушылық білдіріп, оны айыптады. Бұл туралы үш елдің дипломатиялық миссиялары басшыларының бірлескен мәлімдемесінде айтылған. Мәлімдемені Ұлыбританияның Мәскеудегі елшілігі таратты.
Кездесу елшілердің бастамасымен өтті. Оған Ұлыбритания елшісі Найджел Кейси, Франция елшісі Николя де Ривьер және Германия елшісі Александер Ламбсдорфф қатысты.
Reuters агенттігінің атап өтуінше, Ресейдің Украинаға басып кіруінен кейін Батыс дипломаттары мен Ресейдің жоғары лауазымды шенеуніктері арасындағы мұндай кездесулер өте сирек өтетін болған.
Ресей СІМ-нің ұстанымы
Ресей Сыртқы істер министрлігі өз кезегінде министрдің орынбасары Галузин еуропалық елшілерге олардың мемлекеттері басшылығының Украинадағы соғысқа қатысты «деструктивті саясатына объективті баға» бергенін хабарлады. Ресей тарапының пікірінше, бұл саясат Украинаны Батыстың «ниеттілер коалициясының» тікелей көмегі мен қолдауы арқылы соғысты жалғастыруға барынша ынталандыруға бағытталған.
Сонымен қатар, Ресей тарапы Галузин дипломаттарға қақтығысты оның «түпкі себептерін жою негізінде» саяси-дипломатиялық жолмен реттеуге қатысты Мәскеудің «қағидатты ұстанымдарын» түсіндіргенін мәлімдеді.
Ресейде «қақтығыстың түпкі себептері» деген тұжырым Украинаға қарсы қарулы агрессияны ақтау үшін қолданылады. Ресей түсінігіндегі негізгі «түпкі себептердің» бірі – Украинаның НАТО мүшелігіне ұмтылуы. Ресей НАТО-ның шығысқа қарай кеңеюіне қарсы екенін айтып, мұны өзінің «стратегиялық мүдделерімен» түсіндіреді.
Мәскеу Батысты «арандатушылық жасады» деп айыптады
7 маусым күні Лондонда «еуропалық үштік» көшбасшылары Украина президенті Владимир Зеленскиймен кездесіп, оның атысты тоқтату жөніндегі үндеуін қолдады.
Германия канцлері Фридрих Мерц, Франция президенті Эмманюэль Макрон, Ұлыбритания премьер-министрі Кир Стармер және Украина президенті Владимир Зеленский кездесу барысында Ресей мен Украина күштері арасындағы қазіргі майдан шебін келіссөздердің бастапқы нүктесі ретінде қабылдау қажет деген пікірге келді.
Олар сондай-ақ Украина үшін заңды күші бар қауіпсіздік кепілдіктерін, соның ішінде көпұлтты күштерді орналастыру мүмкіндігін қолдады. Сонымен бірге Ресейдің бұғатталған активтері Мәскеу Киевке соғыс салдарынан келген шығынды өтемейінше бұғатталған күйде қалуы тиіс екенін мәлімдеді.