Malim.kz
Әлем

Францияда Эбола вирусын жұқтырудың алғашқы жағдайы тіркелді

Арман Қайыпхан
Фото: primeminister.kz

Францияда Эбола безгегін жұқтырудың алғашқы жағдайы расталды. Қауіпті вирус Конго Демократиялық Республикасы аумағындағы гуманитарлық миссиядан оралған дәрігерден анықталған, деп хабарлайды Malim.kz.

Франция Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, науқас дереу оқшауланып, арнайы клиникаға жеткізілген. Оның жағдайы тұрақты деп бағалануда.

Дәрігерлер эпидемиологиялық зерттеу жұмыстарын бастап, науқаспен байланыста болған адамдарды анықтап жатыр. Дәрігермен байланысқа түскендердің барлығы 21 күн бойы өзін-өзі оқшаулап, медициналық бақылауда болады.

Франция билігі вирустың ел аумағында және жалпы Еуропа бойынша кең таралу қаупі өте төмен екенін мәлімдеді. Мамандар мұны аурудың дер кезінде анықталып, қажетті қауіпсіздік шараларының қабылдануымен байланыстырады.

Қазіргі таңда Эбола індеті негізінен Конгоның солтүстік-шығысындағы Итури провинциясы аумағында таралып жатыр. Конго Денсаулық сақтау министрлігінің деректеріне сәйкес, расталған жағдайлар саны мыңнан асып, жүздеген адам көз жұмған. Ауру көршілес Уганда аумағында да тіркелген.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы қазіргі індеттің бақылаудың алғашқы айындағы расталған жағдайлар саны бойынша рекордтық деңгейге жеткенін хабарлады.

Сарапшылар вирустың нақты таралу ауқымы ресми статистикадан әлдеқайда жоғары болуы мүмкін деп қауіптенеді.

Мамандарды алаңдатып отырған тағы бір жайт – инфекцияның сирек кездесетін Бундибугио штамымен байланысты болуы. Қазіргі уақытта бұл штамға қарсы мақұлданған вакцина да, арнайы емдеу тәсілі де жоқ.

Бұған дейін Еуропалық Одақ Конгодағы қауіпті індет ошағына гуманитарлық көмек жібергені хабарланған болатын.

Арман Қайыпхан
Автордың басқа материалдары