Malim.kz
Әлем

FT: Трамптың 28 тармақтан тұратын бейбіт жоспары 19 тармаққа дейін қысқарды

Арман Қайыпхан
Фото: AFP

АҚШ-тың Украинадағы соғысты аяқтауға бағытталған жоспары Женевадағы келіссөздер нәтижесінде 28 тармақтан 19-ға қысқарды, деп хабарлайды Malim.kz Financial Times басылымына сілтеме жасап.

Басылым сұхбаттасқандардың айтуынша, қай тармақтардың алып тасталғаны нақтыланбаған.

Бұған дейін Женевадағы келіссөздерге қатысқан Украина президенті кеңсесінің кеңесшісі Александр Бевз 28 тармақтан тұратын бұрынғы жоспардың «енді жоқ» екенін мәлімдеген.

«Барлығы көрген 28 тармақтан тұратын жоспар бастапқы күйінде жоқ. Бірқатар тармақ алынып тасталды, кейбірі өзгертілді. Украина тарапынан айтылған ескертулердің ешқайсысы назардан тыс қалған жоқ. Ең күрделі мәселелер бойынша түпкілікті шешімді президенттер қабылдайды», – деп жазды ол («Интерфакс-Украина» келтірген дәйек).

Ресей президентінің көмекшісі Юрий Ушаковтың айтуынша, Мәскеу Вашингтоннан кездесуге және жоспарды талқылауды бастауға қатысты белгі алған, бірақ нақты келісімдер әлі жоқ. Ол сондай-ақ Кремль бұл жоспарды «қабылдауға болатын» деп санайтынын айтты.

Bloomberg дереккөздерінің хабарлауынша, бейбіт жоспардан Ресейдің активтерін пайдалану туралы тармақ алынып тасталған. Ол тармақ бұрын 100 млрд долларды Украина қалпына келтіруге бағыттауды қарастыратын. Ал пайдаланылмаған активтер америкалық-ресейлік инвестициялық қорға жіберілуі тиіс болған.

Жексенбі күні Женевада Украина мен АҚШ делегациялары АҚШ-тың Украинада бейбітшілікке қол жеткізу жоспарын талқылады.

АҚШ делегациясын мемлекеттік хатшы Марко Рубио, Трамптың арнайы өкілі Стив Уиткофф, оның күйеу баласы Джаред Кушнер және армия министрі Дэн Дрисколл басқарды. Украина делегациясын – президент кеңсесінің басшысы Андрей Ермак. Келіссөздерге Германия, Франция және Ұлыбритания өкілдері де қатысты.

Тараптардың мәлімдемелері мен жария болған ақпараттарға қарағанда, құжат өзгерістерге ұшыраған және тараптар көп тармақ бойынша, соның ішінде Украина Қарулы күштерінің саны бойынша келісімге келген.

Ақ үй келіссөздер «ұстанымдарды үйлестіруде едәуір ілгерілеу» көрсеткенін мәлімдеді. Дәл осындай мәлімдемені Украина президенті кеңсесі де таратты.

Рубио Украинамен келіссөздерді қаңтардан бергі ең оң нәтижелі деп атап, осы аптада жаңа кездесулер өтетінін хабарлады.

«РБК-Украина» дерегінше, Женевада делегациялар АҚШ жоспарының көп тармағын келісіп, даулы тұстардың басым бөлігін түзете алған. Олардың арасында – Украина Қарулы күштерінің саны, Запорожье АЭС мәселесі, тұтқындар алмасу форматы және сотталғандарды қайтару бар. Ал территорияларға қатысты тармақтар мен Украинаның НАТО-ға кірмеуі туралы конституциялық талапты бекіту жөніндегі ұсыныстар, басылым мәліметінше, «жеке қалдырылды» – оларды Украина мен АҚШ президенттері деңгейінде талқылап, келісетін болады.

Арман Қайыпхан
Автордың басқа материалдары