Malim.kz
Әлем

G7 көшбасшылары Украина бойынша бірлескен мәлімдеме жасады

Арман Қайыпхан
Фото: depositphotos.com

Ресейдің Украинаға қарсы ауқымды басқыншылығы басталғанына төрт жыл толуына орай, АҚШ-ты қоса алғанда, өнеркәсібі дамыған 7 жетекші мемлекет Киевке деген мызғымас қолдауын растады, деп хабарлайды Malim.kz DW-ге сілтеме жасап.

24 ақпан, сейсенбі күні жарияланған бірлескен мәлімдемеде G7 көшбасшылары Украинаға «оның аумақтық тұтастығы мен өмір сүру құқығын, сондай-ақ еркіндігі, егемендігі мен тәуелсіздігін қорғау» үшін алдағы уақытта да көмек көрсетілетінін мәлімдеді.

«Үлкен жетілік» мәлімдемесінде сондай-ақ АҚШ президенті Дональд Трамп бастамашы болған бейбіт үдерісті, сондай-ақ Украина мен Ресей арасындағы тікелей келіссөздерді өткізуге бағытталған күш-жігерді қолдау жалғасатыны айтылған.

«Бұл үдерісте Еуропа жетекші рөл атқарады, оған өзге серіктестер де қосылуда», — делінген құжатта.

Мәлімдеме авторлары соғысты аяқтау туралы келісімді тікелей келіссөздерден кейін «тек Украина мен Ресей» ғана жасай алатынын атап өтті.

Сондай-ақ олар «ниеттілер коалициясы» аясында өз мойындарына алған міндеттемелерін растап, Украинаға «сенімді әрі нақты қауіпсіздік кепілдіктерін» ұсынуға әзір екендерін білдірді.

G7 көшбасшылары қыс мезгілінде Украинаға қолдау көрсету шараларын құптады. Бұл кезеңде елдің энергетикалық инфрақұрылымына жасалған шабуылдар күшейген.

«Біз ядролық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында, соның ішінде Еуропалық қайта құру және даму банкі және Украинамен бірлесіп, Чернобыль атом электр станциясының қорғаныш күмбезін қалпына келтіруге қаражат жинауға жәрдемдесу және бүкіл құрлық үшін ауыр гуманитарлық әрі экологиялық салдары болуы мүмкін кез келген радиологиялық оқиғалардың алдын алу үшін тығыз ынтымақтастықта жұмыс істеуге міндеттенеміз», — деді G7 көшбасшылары.

Құжатта сондай-ақ украиналық балаларды «шұғыл, қауіпсіз және сөзсіз қайтару» бастамаларын қолдау атап өтілген.

G7-ге төрағалық етіп отырған Франция бұл «үлкен жетілік» елдерінің Дональд Трамп Ақ үйге қайта оралғаннан кейін бір жылдан астам уақыт өткен соң жасаған алғашқы бірлескен мәлімдемесі екенін еске салды.

Арман Қайыпхан
Автордың басқа материалдары