Malim.kz
Қоғам

"Гагарин Ресейге емес, АҚШ-қа қонып қалуы мүмкін еді": Ел білмейтін үш құпия конверттің сыры ашылды

Мадияр Қапанбек
Rolls Press/Popperfoto via Getty Images/Getty Images. Суретте: Юрий Гагарин

1961 жылдың 12 сәуірі әлемдік ғарыш тарихында ерекше күн ретінде қалды. Сол күні Юрий Гагарин алғаш рет ғарышқа ұшып, бүкіл әлемге танылды. Алайда жерге қайта оралар сәтте ол тірі қалатынына толық сенімді болмаған, деп хабарлайды Malim.kz.

Ұшу барысындағы қиындықтар

Дереккөздің жазуынша, ғарыш кемесінің ұшуы бастапқыда жоспар бойынша өткен. Бірақ 67-минутта тежеу жүйесі іске қосылған кезде ақау байқалды. Жүйе күткеннен әлсіз импульс беріп, кеңестік инженерлер есептеген көрсеткішке жетпеген.

Соның салдарынан кеме қажетті деңгейде баяуламай, траекториясы өзгеріп кеткен. Атмосфераның тығыз қабатына кірер алдында "Восток" кемесі бақылаусыз айнала бастаған.

Сол кезде Гагарин қатты жүктемелерді бастан өткеріп, иллюминатордан кеменің сыртқы қабаты жанып жатқанын көрген. Ол эфирге:

"Мен жанып жатырмын, қош болыңдар, жолдастар", – деп хабарлаған.

Кейін белгілі болғандай, бұл атмосфераға кірген кезде болатын қалыпты құбылыс еді.

11 төтенше жағдай

"Русская семерка" басылымының мәліметінше, Гагарин катапульт арқылы сәтті секіріп, Саратов облысының аумағына қонған. Бірақ жерге қайта оралу кезінде басқару орталығы 11 түрлі төтенше жағдайды тіркеген.

Ғарышкердің тірі қалғаны белгілі болған соң, тағы бір маңызды мәселе көтерілді: егер ол Кеңес Одағының аумағынан алыс жерге, тіпті басқа мемлекетке қонып қалса не болады?

КСРО билігі Гагариннің сол кездегі басты қарсылас мемлекет – АҚШ аумағына қонуы мүмкін деген қауіптенген. Сол себепті арнайы әрекет жоспары дайындалған.

Ғарышкерге арнайы космонавт куәлігі беріліп, оны шпион деп тұтқындамау үшін пайдалануы көзделген. Егер ол АҚШ-қа қонса, Мәскеу 1959 жылы қабылданған БҰҰ-ның ғарыштағы ынтымақтастық туралы резолюциясына сүйеніп, халықаралық қолдау сұрамақ болған.

Үш құпия конверт

Сол күні кеңестік БАҚ-қа алдын ала үш жабық конверт дайындалып қойылған.

Қуанышқа орай, тек бірінші конвертті ғана ашу қажет болды. Юрий Гагарин аман-есен жерге оралып, адамзат тарихындағы алғашқы ғарышкер ретінде әлемдік даңққа бөленді.

Бұған дейін біз Ресейдің ең танымал ғарышкерлерінің бірі Сергей Крикалёвтің таңғажайып оқиғасы туралы жазған едік. Ол өз елінің ыдырап, күйреу кезеңінде ғарышта болған. Ғарышкер ұшуға Кеңес Одағынан аттанып, ал Жерге мүлде басқа мемлекет – Ресей Федерациясының азаматы ретінде оралды.

Мадияр Қапанбек
Автордың басқа материалдары