Malim.kz
Әлем

Генерал Түркиядан 1 миллиард доллар мен «ең сұлу әйел» талап етті

Ереке Базарқұл

Уганда армиясының қолбасшысы Мухузи Кайнеругаба Түркия билігіне ерекше талаптар қойып, даулы мәлімдеме жасады.

Генерал әлеуметтік желілердегі парақшаларында Анкарадан 1 миллиард доллар төлеуді және елдегі «ең сұлу әйелді» оған жар қылуды талап етті. Егер бұл шарттар орындалмаса, ол Уганда аумағындағы барлық түрік дипломатиялық өкілдіктерін жабатынын айтып, сес көрсетті.

Кайнеругаба бұл талаптарын Уганда әскерилерінің Сомалидегі Африка одағы миссиялары аясында атқарған жұмысымен байланыстырады. Оның пайымдауынша, угандалық әскерилер Сомалидегі порт инфрақұрылымын бақылауды қамтамасыз ету арқылы Түркияның аймақтағы позициясын нығайтып, Анкараға үлкен стратегиялық және экономикалық артықшылықтар алып берген.

Әзірге Түркия немесе Сомали тарапынан бұл мәлімдемеге қатысты ешқандай ресми жауап болған жоқ.

Мухузи Кайнеругаба өзінің арандатушылық сипаттағы жазбаларымен бұған дейін де талай рет көзге түскен екен, сол үшін оған «Твиттер-генерал» деген лақап ат беріліпті. Ол — Уганда президенті Йовери Мусевенидің ұлы және әкесінің орнын басуы мүмкін басты үміткерлердің бірі. 

Оның бұрынғы шулы мәлімдемелерінің ішінде мыналар бар:

2022 жылы Италия премьер-министрі Джорджа Мелониге үйлену үшін 100 бас мал ұсынып, Римді басып алатынын айтыпты.

Кения астанасы Найробиді екі аптаның ішінде бағындыруға уәде беріпті.

Израильді қолдайтынын ашық айтып, Иранмен қақтығыс бола қалса, 100 мыңға дейін әскер жіберуге дайын екенін мәлімдепті.

Ереке Базарқұл
Автордың басқа материалдары