Malim.kz
Әлем

Германия Еуропада жалдамалы тұрғын үй еліне айналды

Алуа Әшірбекова
Фото: BILD Telegram арнасы

Германия тұрғын үй иелерінің үлесі бойынша Еуропада соңғы орынға түсті. Pestel-Institut зерттеуіне сәйкес, елдегі үй шаруашылықтарының небәрі 43,5%-ы ғана өз үйінде немесе пәтерінде тұрады. Бұл шамамен соңғы 20 жылдағы ең төмен көрсеткіш, деп Malim.kz тілшісі, BILD telegram арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Германия - Еуроодақтағы тұрғындарының басым бөлігі баспананы жалдап тұратын жалғыз мемлекет.

Салыстырмалы түрде, Румынияда халықтың 94%-ының жеке баспанасы бар. Словакияда бұл көрсеткіш 93%, Венгрияда 92%-ды құрайды. Ал Германияның алдында тұрған Австрияда тұрғындардың 54%-ы өз баспанасында тұрады.

Ел ішіндегі көрсеткіштер де айтарлықтай ерекшеленеді. Саар жерінде тұрғындардың шамамен 60%-ының жеке баспанасы бар. Бранденбургте бұл көрсеткіш 44%-дан асады. Ал Берлинде небәрі 16%, Гамбургте 20%-дан сәл жоғары.

Бұл жағдай әсіресе жастарға әсер етіп отыр. 25 пен 45 жас аралығындағы немістердің төрттен үшке жуығы үй жалдап тұрады. Ал шамамен әр төртінші адамның ғана жеке баспанасы бар.

Сарапшылар бұған құрылыс пен жер бағасының қымбаттауы, ипотекалық несие мөлшерлемелерінің өсуі және мемлекеттік қолдаудың жеткіліксіздігі әсер еткенін айтады. Соның салдарынан екі адам да табыс табатын отбасылардың өзіне баспана сатып алу қиындай түскен.

Мамандар мәселе тек жеке үйге ие болумен шектелмейтінін ескертеді. Жылжымайтын мүлік капитал жинаудың және қарттық кезеңге қаржылық қор қалыптастырудың маңызды тәсілдерінің бірі саналады. Өмір бойы үй жалдап келген адамдар зейнетке шыққаннан кейін де жалдау ақысын төлеуге мәжбүр болады. Бұл егде жаста кедейлік қаупін арттыруы мүмкін.

Алуа Әшірбекова
Автордың басқа материалдары