Malim.kz
Әлем

Германияда Ресей ізін жоққа шығаратын видео тарады

Алуа Әшірбекова
Фото: BILD telegram

Неміс тілді әлеуметтік желілерде өзін Лейпциг/Галле әуежайының қызметкері ретінде таныстырған ер адамның видеосы тарады. Ол тамызда әуежайда жасалмақ болған дрон шабуылы Ресейге айып тағу үшін әдейі ұйымдастырылған деп мәлімдеген, деп Malim.kz тілшісі BILD-ке сілтеме жасап хабарлайды

Видеоны ресейшіл блогер Анатолий Шарий жариялаған. Кейін оны Еуроодақ санкциясына іліккен неміс блогері Алина Липп те таратқан. Алайда видеода сөйлеген адамның шынымен әуежайда жұмыс істейтінін растайтын дәлел көрсетілмеген. 

Роликтегі ер адам табылған құрылғыны дүкеннен сатып алуға болатын қарапайым дрон деп сипаттайды. Германияның Федералдық қылмыстық полициясының дерегіне сүйенген BILD мәліметінше, тергеушілер құрылғының 10 дюймдік модификацияланған жарыс квадрокоптері болғанын анықтаған. Оның кейбір бөлшектері 3D-принтер арқылы жасалып, дрон жарылғыш зат тасымалдауға бейімделген. 

4 тамызда Лейпциг/Галле әуежайынан жарылғыш құрылғы орнатылған дрон табылған. Германияның федералдық прокуратурасы істі жарылыс жасауға оқталу және әуе қозғалысына қауіпті араласу күдігі бойынша тергей бастады. 

Кейін Süddeutsche Zeitung, NDR және WDR тергеушілердің шабуылға қатысы болуы мүмкін бірнеше күдіктіні анықтағанын хабарлады. Германия үкіметі 1 қыркүйекте жүргізілген тергеу мен қауіпсіздік органдарының мәліметтеріне сүйене отырып, шабуыл әрекетінің артында Ресей тұр деп мәлімдеді. 

Ресей тарапы бұл айыптауларды жоққа шығарып, Лейпциг әуежайындағы оқиғаны Мәскеуге қарсы бағытталған арандату деп атады. 

Алуа Әшірбекова
Автордың басқа материалдары