Malim.kz
Әлем

Германиядағы әйгілі әнші ЖИ-мен жасалған болып шықты

Ереке Базарқұл
© DW

Бұл туралы DW басылымы жазыпты. 

Сиена Роуздың (Sienna Rose) Spotify-да миллиондаған тыңдарманы бар. Оның тректері 40 миллионнан астам тыңдалған, тіпті поп-музыка жұлдыздары оның әндерімен бөліседі. Ол Instagram мен TikTok парақшаларын жүргізеді, кейбір видеолары миллиондаған қаралым жинайды. Алайда неміс журналистері оның бүкіл бейнесі — жасанды интеллектінің (ЖИ) жемісі екенін анықтады. Олардың мәліметінше, Роуздың артында екі адам тұр, олардың бірі — ресейлік Максим Муравьев болуы мүмкін.

Ол туралы ашық дереккөздерде мәлімет жоқтың қасы. Максим алғашқыда DW журналисінің ЖИ туралы сұрағына орыс тілінде қысқаша жауап берген, бірақ Sienna Rose есімі атала салпү байланысқа шығуды тоқтатқан. 

Зерттеу авторларының бірі Лукас Штаус DW-ге берген сұхбатында жас жігіттің жеке тұлға екенін, оның артында ауқымды PR-желі немесе Ресей мемлекеті тұруы екіталай екенін айтты.

«Маған ол интернетте тым көп отыратын адам сияқты әсер қалдырды. Ол қазір Ослода тұрады және лоу-фай стилінде ЖИ-музыка жасап жүрген жас жігіт. Мұның әдейі жасалған дезинформация екеніне ешқандай дәлеліміз жоқ», —

деді Штаус.

«Оның Instagram-да ресейлік таныстары бар, VK желісінде М.Ломоносов атындағы ММУ туралы жазылған аккаунты және Telegram-да Ресейдің түрлі жерлері, мысалы, Қызыл алаң көрсетілген арнасы бар. Муравьевтің VK-дағы аккаунты soviet_agent («кеңес агенті») деп аталады. Бірақ бұл оның мемлекетпен байланысы бар екенін білдірмейді, әйтпесе бұл «тым артық троллинг» болар еді, — 

деп әзілдейді журналист.

Ресейлік азаматтың ЖИ-әншіні жасаудағы мақсаты — «ақша мен ләззат алу». Әлеуметтік желілер мен насихат бойынша неміс сарапшысы Леон Эрленхорст та мұның дезинформация науқаны емес екенімен келісті.

«Мұндай ЖИ-әртістерінің саяси белсенділік танытқаны немесе наразылық білдіргені туралы жағдайларды білмеймін. Ал наразылықты өршіту — Ресейдің Германиядағы дезинформациялық науқандарының әдеттегі әрекеті», —

деген ол DW-ге. 

«Негізінде Кремльдің дезинформациясы Германияда ЖИ-әртістері арқылы да таралуы мүмкін. Кремль ақпараттық арналарды таңдауда өте тапқыр екені сөзсіз. Бірақ әзірге бұған ешқандай нақты дәлел көргенім жоқ», –

дейді сарапшы.

Ереке Базарқұл
Автордың басқа материалдары