Гонконгте тәулік бойы өшпей тұрған ірі өрттің салдарынан қаза тапқандар саны 75 адамға жетті, деп хабарлайды Malim.kz Channel News Asia-ға сілтеме жасап.
Бұл — қаладағы соңғы 80 жылдағы ең көп адам өліміне әкелген өрт. Ондаған тұрғын әлі із-түзсіз деп саналады.
Өрт алғаш басталғанына бір тәулік өтсе де, Wang Fuk Court тұрғын кешеніндегі кейбір ғимараттар әлі жалын құшағында. Кешенде сегіз 32 қабатты үй және шамамен 2 мың пәтер бар. Үкіметтің мәліметінше, онда болған 250-ден астам адам із-түзсіздер қатарында.
Билік бейсенбі күні түстен кейін төрт көпқабатты үйдегі өрт толық өшірілгенін, тағы үш үйдегі жағдай бақылауда екенін мәлімдеді. Бір ғимаратқа от тиген жоқ.
Құзырлы органдар өрттің шығу себебін анықтап жатыр. Алғашқы деректерге қарағанда, құрылыс жұмыстары жүргізілген үйдің айналасында бамбуктан жасалған ормантақ пен пластик торлар қойылған. Полиция ғимарат фасадында жұмыс істеген үш құрылысшыны ұстап, оларды салғырттық жасады деп күдіктенуде.
Қытайдың мемлекеттік БАҚ-тары ҚХР төрағасы Си Цзиньпиннің қаза тапқандардың отбасыларына көңіл айтқанын хабарлады. Гонконг билігі Пекиннің көмек ретінде дрондар мен медициналық жабдықтар жіберетінін мәлімдеді.
Бұған дейін Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Си Цзиньпинге көңіл айту жеделхатын жолдаған еді.