Malim.kz
Әлем

Гвинея-Бисауда әскерилер төңкеріс жасады

Арман Қайыпхан
Фото: AFP VIA GETTY IMAGES

Батыс Африкадағы Гвинея-Бисауда президенттік сайлаудан үш күн өткен соң әскери төңкеріс жасалды. Ел президенті Умару Сиссоку Эмбало өзін әскерилер тұтқындағанын мәлімдеді. Артынша бір топ әскери Гвинея-Бисаудың толықтай олардың бақылауына өткенін жариялады, деп хабарлайды Malim.kz.

53 жастағы Умару Сиссоку Эмбало Jeune Afrique басылымына берген сұхбатында сәрсенбі күні түскі шамада өз кабинетінде қамауға алынғанын айтты.

Басылым мәліметінше, президентпен бірге Гвинея-Бисаудың Қарулы күштері Бас штабының бастығы мен оның орынбасары, сондай-ақ ішкі істер министрі де ұсталған.

Кейін офицерлер тобы телеарнаға шығып, сайлау процесін тоқтатқанын және елді «келесі хабарламаға дейін» өздері басқаратынын мәлімдеді. Олар «тәртіпті қалпына келтіру жөніндегі жоғары әскери қолбасшылық» құрылғанын хабарлап, тұрғындарды сабыр сақтауға шақырды. Сондай-ақ ел шекараларының жабылғаны жарияланды.

Мәлімдемені президент әкімшілігінің әскери департаментін басқаратын бригадалық генерал Денис Нканья оқыды.

23 қарашада Гвинея-Бисауда президент және парламент сайлауы өтті. Президенттік додада жеңіске өздерін де, басты қарсыласы – оппозиция өкілі Фернандо Диасты да жеңімпаз деп жариялаған.

Ресми сайлау нәтижелерін елдің орталық сайлау комиссиясы 27 қараша, бейсенбі күні жариялауы тиіс болатын.

2020 жылдың басынан бері президент қызметін атқарып келе жатқан Сиссоку Эмбало бұған дейін парламентті екі рет таратып, жаңа сайлауды бірнеше мәрте кейінге шегерген.

Сәрсенбі кешінде Эмбало France 24 телеарнасына телефон арқылы «Мені құлатты» деп хабарлады.

Гвинея-Бисау – халқы 2 миллионнан сәл асатын шағын мемлекет. Бұл — Африкадағы ең кедей елдердің бірі. Соңғы 55 жылда мұнда тоғыз рет төңкеріс немесе төңкеріс жасауға талпыныс болған. Тек Сиссоку Эмбалоның өзін биліктен құлату әрекеті екі мәрте жасалған, соңғы оқиға – 2023 жылдың желтоқсанында.

1974 жылға дейін Гвинея-Бисау Португалияның отары болған. Президент Умару Сиссоку Эмбало Лиссабон университетінде және Мадридте білім алған.

Арман Қайыпхан
Автордың басқа материалдары