Halyk пен Қазақстан Республикасының Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі жасанды интеллект, мемлекеттік қызметтер және азаматтар мен бизнеске арналған цифрлық сервистер саласындағы бірлескен жобаларды дамытуды жоспарлап отыр, деп хабарлайды Malim.kz.
Негізгі бастамалардың қатарында Halyk AI Lab зертханасын құру, ауыл шаруашылығы саласына арналған Halyk Фермер цифрлық сервисін іске асыру, Алматыда жаңа форматтағы халыққа қызмет көрсететін цифрлық кеңсе ашу және Halyk сервистерін eGov Business платформасымен одан әрі интеграциялау бар.
Ынтымақтастықтың перспективалық бағыттарын Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев пен Halyk басқарма төрайымы Үміт Шаяхметова талқылады.
Кездесу барысында тараптар азаматтар мен кәсіпкерлердің мемлекетпен өзара іс-қимылын жеңілдетуге, қолмен орындалатын операциялар санын азайтуға және қызмет алу уақытын қысқартуға мүмкіндік беретін нақты цифрлық шешімдерді қарастырды. Сонымен қатар Halyk банкінің сервистерін мемлекеттік цифрлық платформалармен одан әрі біріктіру мүмкіндіктері талқыланды.
«Біздің міндетіміз – қолданыстағы процестерді жай ғана цифрлық форматқа көшіру емес. Ең алдымен, азаматтар мен бизнестің нақты қажеттіліктеріне негізделген, қарапайым, жылдам әрі күнделікті қолданылатын цифрлық арналар арқылы қолжетімді сервистер құруымыз қажет. Halyk-тің ауқымды технологиялық инфрақұрылымы мен миллиондаған пайдаланушысы бар. Сондықтан мемлекет пен бизнестің құзыреттерін біріктіруде үлкен әлеует көріп отырмыз. Бұл жасанды интеллект негізіндегі шешімдерді жылдам енгізуге, цифрлық мемлекеттік қызметтерді дамытуға, сондай-ақ кәсіпкерлерге, ауыл шаруашылығы өкілдеріне және миллиондаған қазақстандыққа арналған жаңа сервистер жасауға мүмкіндік береді», – деді Halyk басқарма төрайымы Үміт Шаяхметова.
Halyk AI Lab: жасанды интеллект шешімдерін әзірлеуден бастап енгізуге дейін
Ынтымақтастықтың перспективалық бағыттарының бірі – Alem.ai базасында Halyk AI Lab зертханасын құру. Бұл жоба жасанды интеллектке негізделген шешімдерді әзірлеуге, сынақтан өткізуге және кейіннен ауқымды деңгейде енгізуге арналған алаң ретінде қарастырылып отыр.
Halyk AI Lab технологиялық командаларды, стартаптарды және академиялық қауымдастықты біріктіреді деп күтілуде.
Зертхананың ықтимал жұмыс бағыттарының қатарында хакатондар ұйымдастыру, стартап жобаларды дамыту, Astana IT University университетімен бірлесіп білім беру бағдарламаларын жүзеге асыру, сондай-ақ жасанды интеллект шешімдерін әзірлеу және тестілеу үшін иесіздендірілген деректерді пайдалану бар.
«Маңызды цифрлық жобалардың дамуына серпін беретін шешімдердің дәл Digital Bridge алаңында қабылдануы ерекше мәнге ие. Мұнда мемлекет пен бизнес нақты бастамаларды талқылап, бірлескен жұмыс туралы келісімге келеді. Halyk-пен ынтымақтастық жасанды интеллектті енгізуге, мемлекеттік қызметтерді дамытуға және азаматтарға, кәсіпкерлер мен аграрлық сала өкілдеріне ыңғайлы цифрлық сервистер құруға мүмкіндік береді. Біздің ортақ міндетіміз – осы бастамаларды адамдардың уақытын үнемдейтін, бизнес жүргізуді жеңілдететін және қызметтердің қолжетімділігін арттыратын нақты шешімдерге айналдыру», – деп атап өтті Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев.
Мұндай жұмыс форматы идеяның пайда болуынан бастап мамандарды даярлау, технологияны сынақтан өткізу және оны тәжірибеге енгізуге дейінгі толық циклді қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Halyk Фермер: аграрлық салаға арналған бірыңғай цифрлық сервис
Кездесуде Halyk Фермер жобасына ерекше назар аударылды. Аталған бастама ауыл шаруашылығы саласы үшін бірыңғай цифрлық орта құруды көздейді.
Жоба аясында ортақ IT-архитектураны қалыптастыру, деректерді біріктіру және ауыл шаруашылығына қатысты негізгі мемлекеттік қызметтерді қайта жобалау жоспарланып отыр.
Басты мақсат – фермерлердің қажетті қызметтерді алуын барынша жеңілдетіп, жылдамдату. Бұл әртүрлі ақпараттық жүйелермен жеке-жеке жұмыс істеу және бір мәліметті қайта-қайта ұсыну қажеттілігін азайтуға мүмкіндік береді.
Алдағы уақытта әзірленген шешімдер мемлекеттік және коммерциялық цифрлық арналар арқылы қолжетімді болуы мүмкін. Соның нәтижесінде сервис қамтитын пайдаланушылар саны артып, еліміздің түкпір-түкпіріндегі ауыл шаруашылығы өндірушілері үшін қызметтерді пайдалану ыңғайлы болмақ.
Halyk және eGov Business: кәсіпкерлерге арналған цифрлық қызметтер
Ынтымақтастықтың тағы бір бағыты – Halyk пен eGov Business арасындағы бірлескен сервистерді одан әрі дамыту.
Бұл қызметтер кәсіпкерлік қызметтің негізгі кезеңдерін, яғни компанияны тіркеуден бастап күнделікті қаржылық операцияларды жүргізу мен қаржыландыру алуға дейінгі процестерді қамтуы тиіс.
Қарастырылып жатқан шешімдердің ішінде бизнесті тіркеумен қатар банктік шот ашу, деректемелерді қолмен енгізбей салық және әлеуметтік төлемдерді жүргізу, өкілеттіктерді цифрлық форматта басқару, банктік кепілдіктерді рәсімдеу және қаржыландыру алу мүмкіндіктері бар.
Банктік және мемлекеттік сервистердің интеграциясы кәсіпкерлердің жеке-жеке өтетін рәсімдер санын азайтып, мемлекеттік органдармен және қаржы институттарымен өзара іс-қимыл жасаудың анағұрлым ыңғайлы цифрлық жүйесін қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Halyk SuperApp қосымшасын 8,6 миллион адам пайдаланады
Қазіргі уақытта Halyk Қазақстандағы ең ірі цифрлық экожүйелердің бірін қалыптастырған.
Halyk SuperApp қосымшасының ай сайынғы пайдаланушылар саны 8,6 миллион адамға жетеді.
Бүгінде қосымша арқылы 82 мемлекеттік қызмет қолжетімді. Соның арқасында пайдаланушылар қажетті қызметтерді өздеріне үйреншікті цифрлық ортада ала алады.
2026 жылы Halyk қосымшасындағы мемлекеттік қызметтер бөлімінің ай сайынғы аудиториясы 1,3 миллион пайдаланушыға жеткен.
Қалыптасқан цифрлық инфрақұрылым мен ауқымды пайдаланушылар базасы Halyk платформасында жаңа сервистерді жылдам енгізуге, сондай-ақ халық пен бизнестің мемлекеттік қызметтерге қолжетімділігін кеңейтуге мүмкіндік береді.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар бірлескен бастамаларды әрі қарай пысықтауға, өзара іс-қимыл тетіктерін айқындауға және басым жобалар бойынша жол карталарын әзірлеуге келісті.