Ішкі істер министрлігі бопсалаудың алдын алу және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы жүйелі профилактикалық жұмыстарын жалғастырып жатыр, деп хабарлайды Polisia.kz.
Уақтылы жүргізілген жедел-профилактикалық шаралардың нәтижесінде тіркелген бопсалау фактілерінің саны 15%-ға төмендеді. Сонымен қатар аталған қылмыстардың ашылу көрсеткіші іс жүзінде жүз пайыз деңгейінде сақталып отыр.
Кейінгі уақытта бірнеше өңірде ірі қылмыстық топтар мен бопсалаушылар құрықталды. Мәселен, Абай облысында профилактикалық және жедел жұмыстардың нәтижесінде облыс орталығы тұрғындарынан ақша бопсалаумен айналысқан 6 адамнан тұратын қылмыстық топтың әрекетіне тосқауыл қойылды. Қабылданған шаралар олардың одан әрі заңсыз әрекеттер жасауына жол бермеді. Барлық күдікті ұсталды.
Павлодар облысында студенттерден ақша бопсалады деген күдікпен екі адам дер кезінде қолға түсті. Полицияның жедел әрекеттері жәбірленушілерге жасалған қысымды тоқтатып, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.
Алматы облысында әлеуметтік желілер арқылы жүзеге асырылған бопсалау схемасының жолы кесілді. Полиция қызметкерлерінің уақтылы араласуы қылмыстың әрі қарай жалғасуына жол бермеді. Іске қатысы бар барлық адамдар ұсталып, қамауға алынды.