Иран билігі америкалық әскери кемелердің Ормуз бұғазына кіруіне жол бермегенін хабарлады, деп хабарлайды Malim.kz Euronews-ке сілтеме жасап.
Ирандық әскерилердің мәлімдеуінше, АҚШ президенті Дональд Трамп Ормуз бұғазы арқылы өтетін кемелерді әскери-теңіз күштерімен сүйемелдеу басталатынын жариялағаннан кейін жағдай шиеленісе түскен.
Иранның «Tasnim» агенттігі қысқа хабарлама таратып, оқиғаға қатысты толық ақпарат кейінірек жарияланатынын жеткізді.
Сонымен қатар Ислам революциясы сақшылары корпусы-мен байланысты ирандық БАҚ Ормуз бұғазында АҚШ әскери-теңіз күштерінің фрегатына екі зымыран атылғанын хабарлады.
«Fars» агенттігінің мәліметінше, кеме Джаск порты маңында навигация ережелерін бұзып, Иран әскери күштерінің ескертуін елемегеннен кейін шабуылға ұшыраған.
Алайда АҚШ әскери өкілдері бұл ақпаратты жоққа шығарды. Олардың мәлімдеуінше, Ормуз бұғазында бірде-бір америкалық кеме зардап шекпеген.
Сонымен қатар АҚШ күштері аймақта теңіз операцияларын жалғастырып жатқаны айтылды.
Өз кезегінде Біріккен Араб Әмірліктері Иранды айыптап, Ормуз бұғазында ADNOC ұлттық мұнай компаниясына тиесілі танкерге екі дронмен шабуыл жасалғанын мәлімдеді. Елдің Сыртқы істер министрлігі бұл әрекетті халықаралық құқық нормаларын өрескел бұзу деп бағалады.
Бұған дейін Дональд Трамп әлеуметтік желіде АҚШ Ормуз бұғазы арқылы өтетін кемелерді қорғауды күшейтетінін айтып, Иранның кедергі жасау әрекеттері күш қолдану арқылы тоқтатылуы мүмкін екенін ескерткен еді.
Сарапшылардың пікірінше, аймақтағы ахуалдың ушығуы Ормуз бұғазы арқылы өтетін халықаралық тасымалға қауіп төндіріп, соңғы апталарда сақталып келген тұрақсыз бітімнің бұзылуына әкелуі мүмкін.