Malim.kz
Әлем

Иран АҚШ-пен мәмілеге келуге жақын екенін мәлімдеді

Арман Қайыпхан
Фото: depositphotos.com

Иранның Сыртқы істер министрі Аббас Аракчи АҚШ-пен келісім әзірлеу үдерісінде елеулі ілгерілеу бар екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Malim.kz.

Иран сыртқы саяси ведомствосының басшысы бұл туралы 12 маусым, жұма күні X әлеуметтік желісінде жазды.

«Исламабадта дайындалған өзара түсіністік туралы меморандум бұрын-соңды соңғы келісуге мұншалықты жақын болған емес», – деді ол.

Сонымен қатар Аракчи келісім толық аяқталғанға дейін БАҚ өкілдерін оның мазмұнына қатысты алып-қашпа әңгімелерден аулақ болуға шақырды.

«Біздің жауапты әрі ашық ұстанымымызға сәйкес, барлық мәлімет қоғамға дер кезінде ұсынылады», – деп атап өтті министр.

Өз кезегінде АҚШ президенті Donald Trump Аракчидің жазбасын Truth Social әлеуметтік желісінде бөлісті.

Ал АҚШ вице-президенті JD Vance БАҚ-та тарап жатқан Иранмен ықтимал келісім туралы ақпараттың көп бөлігі шындыққа сәйкес келмейтінін айтты.

«Бұғазды ашу және Иранның ядролық қару жасау бағдарламасын тоқтату жөніндегі ықтимал келісім туралы көптеген жалған ақпаратты көріп отырмын. Біріншіден, Иран ешқандай қаражат алмайды және келісімге қол қою немесе кездесуге қатысу үшін ешқандай қаржы бұғаттан шығарылмайды», – деп жазды ол X желісінде.

Вэнстің айтуынша, келісім ең алдымен АҚШ пен оның одақтастарының мүдделерін ескере отырып әзірленген. Егер Иран Ислам Республикасы өз міндеттемелерін орындаса, экономикалық пайдаға тек өзі ғана емес, бүкіл өңір де ие болады.

Оның пікірінше, бұл келісім өңірдегі жағдайды түбегейлі өзгертіп, ұзақ мерзімді бейбітшілікке жол ашуы мүмкін.

Арман Қайыпхан
Автордың басқа материалдары