Malim.kz
Әлем

Иран АҚШ-пен меморандумға қол қоюдан бас тартты

Арман Қайыпхан
Фото: Reuters

Иран 14 маусымда АҚШ-пен бірлескен меморандумға қол қоюдан бас тартты, деп хабарлайды Malim.kz.

Бұл құжат екі ел арасындағы қақтығысты реттеу үдерісін бастауға бағытталған еді. Бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп келісім дәл осы күні жасалуы мүмкін екенін айтқан болатын.

Иран Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Эсмаил Багаи келіссөздердің әлі де жалғасып жатқанын, алайда нақты шешім қабылданбағанын мәлімдеді.

«Меморандумға қол қоюдың нақты уақыты әлі белгісіз. Ол ертең жасалмайды, бірақ алдағы күндері қол қойылуы мүмкін», – деді Багаи ирандық Tasnim агенттігіне берген сұхбатында.

Құжаттың мазмұны және келіссөздер барысы

Багаидің айтуынша, дайындалып жатқан құжат соғыс қимылдарын тоқтатуға бағытталған, алайда бұл кезеңде Иранның ядролық бағдарламасы қарастырылмайды.

Сонымен қатар, ирандық Fars агенттігі Тегеран АҚШ-тың «медиялық және салтанатты қадамдарына» қатысудан бас тартуы мүмкін екенін хабарлады. Бұл, әсіресе, құжатты символикалық датада, яғни Трамптың туған күнінде қол қою сценарийіне қатысты айтылған.

Ирандық келіссөз тобына жақын дереккөз де меморандум бойынша түпкілікті шешім әлі қабылданбағанын, ұсыныстардың құқықтық, саяси және техникалық тұрғыдан қарастырылып жатқанын жеткізді.

11 маусымда Дональд Трамп Иран нысандарына жоспарланған соққылардың тоқтатылғанын мәлімдеп, келіссөздерде ілгерілеу бар екенін айтқан еді. Сол кезде ол келісім жақын күндері жасалуы мүмкін екенін жоққа шығармады.

Кейін Иран СІМ өкілі меморандумның негізгі тармақтары шамамен келісілгенін хабарлаған болатын. Ал араағайындық жасап отырған Пәкістан премьер-министрі Шехбаз Шариф келісім мәтіні толық келісілгенін және жақын уақытта электронды қол қою мүмкін екенін мәлімдеген.

Осылайша, АҚШ пен Иран арасындағы келіссөздер жалғасқанымен, меморандумға қол қою мерзімі белгісіз болып отыр. Сарапшылар бұл процестің алдағы күндері де күрделі әрі көпвекторлы сипатта жалғасатынын айтады.

Арман Қайыпхан
Автордың басқа материалдары