Malim.kz
Әлем

Иран АҚШ-тан бұғатталған активтерінің жартысын дереу қайтаруды талап етті

Айбын Атабай
Anadolu Ajansı

Иран АҚШ-пен өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылғаннан кейін шетелде бұғатталған активтерінің кемінде 50 пайызын бірден алуды жоспарлап отыр. Бұл туралы Иран сыртқы істер министрінің орынбасары Казем Гарибабади мәлімдеді, деп хабарлайды ТАСС.

Оның айтуынша, Иран мен Вашингтон арасындағы келіссөздерде бұғатталған қаражатты қайтару мәселесі негізгі тақырыптардың бірі болып отыр.

Иран тарапы келісім жасалғаннан кейін бұғатталған активтердің кемінде жартысы бірден елге қайтарылуын талап етті.

Гарибабади қалған қаржыны беру тәртібі мен мерзімі бойынша тараптардың әлі де келіссөз жүргізіп жатқанын атап өтті.

Сыртқы істер министрінің орынбасары бұл мәселе АҚШ тарапынан қаржылық көмек немесе жаңа міндеттемелер туралы емес екенін айтты. Оның сөзінше, әңгіме АҚШ санкцияларына байланысты бұғатталған, Иранға тиесілі қаражат туралы болып отыр.

— Бұл — АҚШ-тың заңсыз бұғаттап тастаған Иранның ақшасы, — деді дипломат. 

Сондай-ақ ол шектеулер үшінші ел арқылы да қаражатты аударуға кедергі келтіріп отырғанын жеткізді.

Тегеран бұл активтерді босатуды Вашингтонмен болашақ келісімдердің маңызды шарты деп санайды және келіссөз барысында осы мәселені шешуге ниетті.

Бұған дейін АҚШ Иранның 6 млрд доллар көлеміндегі активтерін бұғаттан босатуға дайын екені хабарланған. Бұл қаражат 2023 жылы Доханың арағайындығымен АҚШ пен Иран арасындағы тұтқын алмасу келісімінен кейін Катар банктеріне аударылған болатын.


 

Айбын Атабай
Автордың басқа материалдары