АҚШ ӘӘК-нің F-35 жойғыш ұшағы Иранның әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйесі тарапынан зақымданды. Бұл туралы бейсенбі, 19 наурыз күні Иранның мемлекеттік БАҚ-тары Ислам революциясы сақшылар корпусының (ИРСК) мәліметіне сілтеме жасап мәлімдеді, деп хабарлайды Malim.kz.
АҚШ-тың Орталық қолбасшылығы (CENTCOM) өкілі Тим Хокинс ұшақтың шұғыл қонғанын растады.
«Ұшақ қауіпсіз түрде қонды, ұшқыштың жағдайы тұрақты», – деді ол CNN телеарнасына берген мәлімдемесінде. CNN бұл оқиға туралы екі дереккөзге сілтеме жасап алғаш хабарлаған.
Хокинстің айтуынша, жойғыш ұшақ Иран әуе кеңістігінде тапсырма орындағаннан кейін қонуға мәжбүр болған, алайда оқиғаның нақты себебі әзірге нақтыланбаған.
Бұған дейін наурыз айының басында Кувейт әуе кеңістігінде бірнеше американдық жойғыш ұшақтың апатқа ұшырағаны хабарланған болатын. АҚШ әскери күштерінің мәліметінше, үш F-15E ұшағы Кувейттің әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйесі тарапынан қателікпен атып түсірілген. Экипаж мүшелерінің барлығы дер кезінде катапультталып, жағдайы тұрақты деп хабарланған.
CENTCOM бұл оқиғалар бойынша тергеу жүргізіліп жатқанын және қосымша ақпарат кейінірек жарияланатынын мәлімдеді.
Кейін The Washington Post басылымы дереккөздерге сілтеме жасап, F-15E ұшағын Кувейттің өз истребителі атып түсіруі мүмкін екенін жазған.