Иран АҚШ әкімшілігінің елге қарсы енгізген жаңа ауқымды санкцияларына қатаң қарсылық білдірді, деп хабарлайды Malim.kz.
Иранның Сыртқы істер министрлігі Вашингтонның жаңа шектеулерін «экономикалық терроризм» және «адамзатқа қарсы қылмыс» деп бағалады.
Тегеранның мәлімдемесі Таяу Шығыстағы шиеленістің кезекті күшеюі аясында жасалды. АҚШ-тың жаңа санкциялары 1953 жылғы Ирандағы мемлекеттік төңкерістің жылдығына тұспа-тұс жарияланған.
Иран тарапы бұл уақыт сәйкестігін де сынға алып, Вашингтонның иран халқына қарсы ондаған жылдар бойы жүргізіп келе жатқан саясатының жалғасы деп атады.
Иран Сыртқы істер министрлігінің мәлімдеуінше, енгізілген ауқымды экономикалық шектеулер қарапайым азаматтардың тұрмысына және негізгі құқықтарына кері әсер етуі мүмкін.
Тегеран сондай-ақ соңғы бір жарым жылда АҚШ пен Израильдің Иранға өз талаптарын қабылдату мақсатында көрсеткен қысымы нәтижесіз болғанын мәлімдеді.
Иран билігінің пікірінше, мұндай қысым мен санкциялар ел халқының тәуелсіздігі мен ұлттық егемендігін қорғауға деген ұстанымын өзгерте алмайды.