Иран билігі наразылыққа шыққандарды, соның ішінде 26 жастағы Эрфан Солтаниды да өлім жазасына кесуді жоспарлап отырмағанын мәлімдеді. АҚШ президенті Дональд Трамп бұл ақпаратты жақсы жаңалық деп атады, деп хабарлайды Malim.kz.
AFP дерегінше, Сауд Арабиясы, Оман және Катар Трампты Иранға қарсы әскери қимылдардан бас тартуға көндірген.
«Бұл — жақсы жаңалық. Осымен шектеліп қалмайды деп үміттенемін!» — деп жазды АҚШ президенті Дональд Трамп Truth Social әлеуметтік желісінде.
Ол Fox News телеарнасының «Трамптың ескертулерінен кейін Иран билігі наразылыққа шыққандарды өлім жазасына кеспейді» деген хабарын осылайша пікірледі.
Бейсенбі күні Иранның мемлекеттік БАҚ-тары өткен аптада наразылықтарға байланысты ұсталған 26 жастағы Эрфан Солтаниге өлім жазасы қаупі төнбейтінін хабарлады. Ол «ұлттық қауіпсіздікке қарсы сөз байласу» және «режимге қарсы үгіт-насихат» баптары бойынша айыпталып отыр. Бұл айыптар өлім жазасын қарастырмайды.
Сот билігі Солтаниге өлім жазасы кесілді деген ақпаратты «өрескел жалған мәлімет» деп атады.
Бұған дейін Норвегияда орналасқан Hengaw атты күрд құқық қорғау ұйымы ер адамға өлім жазасы қаупі төнгенін хабарлаған еді. Солтанидің отбасы құқық қорғаушыларға жазаның 14 қаңтар, сәрсенбі күні орындалуы тиіс болғанын, кейінге шегерілгенін айтқан.
Сол күні Иранның сыртқы істер министрі Аббас Аракчи ел билігінің наразылыққа шыққандарды өлім жазасына кесу жөнінде «ешқандай жоспары жоқ» екенін мәлімдеді. Ал Дональд Трамп өз әкімшілігінің дерегіне сүйене отырып, «Иранда адам өлтіру тоқтады» деп хабарлады.