Malim.kz
Әлем

Иран Иорданияның далалық лагерін зымыранмен атқылады

Айбын Атабай
Weyland/Bundeswehr/dpa/picture alliance

Иорданияның шығысындағы бундесвердің далалық лагері Иран тарапынан тағы да зымыран шабуылына ұшырады. Der Spiegel журналының мәліметінше, 9 наурыз дүйсенбіге қараған түні Германия қарулы күштерінің шағын далалық лагері орналасқан Асрактағы америкалық әуе базасына бірнеше баллистикалық зымыран атылған. Оқиға салдарынан ешкім зардап шеккен жоқ.

Басылымның дерегінше, соққы неміс сарбаздары орналасқан казарма ғимаратына бағытталған. Алайда шабуыл кезінде олардың барлығы баспаналарда болған. Әзірге зымырандардың тікелей әскери базаға тигені немесе ұсталып қалған зымырандардың сынықтары база аумағына құлағаны нақты белгісіз.

Бундесвердің жедел басқару қолбасшылығының өкілі AFP ақпарат агенттігіне берген мәлімдемесінде қазіргі уақытта оқиға бойынша ішкі тергеу жүргізіліп жатқанын айтты, бірақ атқылау фактісін растаған жоқ.

Соңғы уақытта Асрак базасындағы далалық лагерьде шамамен жүзге жуық бундесвер сарбазы орналастырылған. Германияның әскери-әуе күштері осы жерден халықаралық терроризмге қарсы коалицияны жанармай құятын әскери ұшақтарымен қолдап келеді. 28 ақпаннан бері жалғасып жатқан АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы соғысы басталған кезде бұл әуе базасы бұған дейін де атқыланған болатын.  

Айбын Атабай
Автордың басқа материалдары