Malim.kz
Әлем

Иран Израильге жаңа рухани көшбасшы сайланғаннан кейін шабуыл жасады

Айбын Атабай
bbc

Иран елдің жоғарғы көшбасшысы қызметіне әкесінің мұрагері ретінде Моджтаба Хаменеи тағайындалғаннан кейін көп ұзамай Израильге зымырандық соққы жасады. «Моджтаба Хаменеи басқаратын Иран басып алынған аумақтарға зымырандардың алғашқы толқынын жіберді», – деп хабарлады мемлекеттік Irib телеарнасы дүйсенбі, 9 наурыз күні өзінің Telegram-арнасында.

Арна сондай-ақ «Сіздің бұйрығыңыз бойынша, сейид Моджтаба» деген жазуы бар снарядтың фотосын жариялады. Сейид – шиит исламындағы құрметті атақ.

Әуе дабылы Израильдің орталық және солтүстік бөліктерінің үлкен аумағында, соның ішінде Тель-Авив пен Хайфада да естілді, деп хабарлады азаматтық қорғаныс қолбасшылығы. Израильдің жедел жәрдем қызметі Magen David Adom мәліметінше, ирандық зымыран соққылары салдарынан шамамен 20 адам жараланған.

Израиль армиясы 9 наурыз күні сондай-ақ «Иранның террористік режимінің инфрақұрылымына қарсы кезекті әуе соққыларының толқыны басталғанын» мәлімдеді. Соққылар Иранның орталық бөлігіндегі ішкі қауіпсіздік органдарының командалық орталықтарына және ел ішіндегі наразылықтарды қатал басуымен белгілі «Басидж» жасақтарына бағытталған. Сонымен қатар зымыран ұшыру қондырғылары мен зымыран қозғалтқыштарын өндіретін зауыт та атқыланды.

Бахрейнге жасалған соққылар

Иран 8 наурыз күні-ақ Израильдегі нысандарға және Парсы шығанағы аймағындағы америкалық базаларға соққы жасағанын мәлімдеген еді. Ислам революциясы сақшылар корпусы (КСИР) Тель-Авивке, Негев шөліне және аймақтағы АҚШ әскери әуе базаларына бағытталған «жаңа буын ракеталарының» ұшырылғанын хабарлады.

9 наурызға қараған түні Иранның соққыларына Бахрейн тағы да ұшырады. Бахрейннің Ситра аралына жасалған шабуыл кезінде кемінде 32 адам, соның ішінде балалар да жараланды, деп хабарлады Бахрейн ішкі істер министрлігі. Зардап шеккендердің барлығы – корольдіктің азаматтары. Бірнеше үй зақымданды, ал AFP журналистері Ситрада екі қуатты жарылыстың дыбысын естіген.

Al Ma'ameer ірі мұнай өңдеу кешені де «Иран агрессиясының нәтижесінде» зақымданғаны туралы Bahrain News Agency хабарлады. Мемлекеттік энергетикалық Bapco концерні форс-мажор жариялап, «Таяу Шығыстағы жалғасып жатқан аймақтық қақтығыс» салдарынан оның қызметі зардап шеккенін мәлімдеді.

Иранның жаңа жоғарғы көшбасшысы

АҚШ пен Израиль 28 ақпан күні Иранға жаппай әуе соққыларын бастаған болатын. Соның нәтижесінде Ислам республикасының жоғарғы көшбасшысы аятолла Али Хаменеи және иран басшылығының басқа да мүшелері қаза тапты.

Әкесі қаза тапқаннан кейін көп ұзамай Моджтаба Хаменеи бұл қызметке ең ықтимал үміткер ретінде қарастырыла бастады.

8 наурыз күні Иранның Сарапшылар кеңесі 56 жастағы Моджтабаны ресми түрде жаңа жоғарғы көшбасшы етіп тағайындады. Мәліметтерге қарағанда, ол да әкесі сияқты консервативті әрі қатаң саясаткер.

Рухани көшбасшы лауазымы Ирандағы ең жоғары саяси және діни билік болып табылады — жоғарғы көшбасшы мемлекеттегі барлық маңызды мәселелер бойынша соңғы шешімді қабылдайды.

Айбын Атабай
Автордың басқа материалдары