Malim.kz
Әлем

Иран СІМ басшысы: Моджтаба Хаменеи сау және елді бақылауда ұстап отыр

Арман Қайыпхан
Фото: IRNA

Иранның Сыртқы істер министрі Аббас Аракчи Вашингтонның елдің жаңа жоғарғы көшбасшысы Моджтаба Хаменеи денсаулығы туралы мәлімдемелеріне қатысты пікір білдірді. Бұл туралы Fars және ISNA агенттіктері мәлімдеді, деп хабарлайды Malim.kz.

Министрдің айтуынша, кіші Хаменеи сау және елдегі жағдайды толық бақылауда ұстап отыр.

Бұған дейін Аракчи жақын арада барлығы Иранның жаңа жоғарғы көшбасшысын көретінін айтып, оның жағдайы жақсы екенін атап өткен.

Сенбі күні, 14 наурызда АҚШ президенті Дональд Трамп NBC телеарнасына берген сұхбатында Иранның жаңа жоғарғы көшбасшысы тірі екеніне күмән келтіретінін айтты.

«Оның тірі екенін білмеймін. Әзірге ешкім оны көрсете алған жоқ. Оның қайтыс болғаны туралы да естідім. Егер бұл рас болмаса, ол елі үшін өте ақылды қадам жасауы керек, яғни берілуі тиіс», – деді Трамп.

Бұған дейін АҚШ қорғаныс министрі Пит Хегсет Моджтаба Хаменеи «жараланып, мүмкін бет-әлпеті бүлінген болуы ықтимал» деп мәлімдеген. Ол өз сөзін дәлелдей отырып, Моджтабаға қатысты ешқандай видео немесе аудио жазба жарияланбағанын еске салды.

Осы апта басында Иран СІМ-нің баспасөз хатшысы Эсмаил Багаи Хаменеи жараланғанын, бірақ қазіргі уақытта «жағдайы жақсы» екенін айтқан. Иранның жаңа жоғарғы көшбасшысы әкесі қайтыс болғаннан кейін бұл қызметке келгеннен бері неге көпшілік алдына шықпағаны туралы сұраққа дипломат: «Меніңше, оған мұндай жағдайда сөз сөйлеу ыңғайсыз», – деп жауап берген.

Сол күні Хаменеи алғаш рет ресми — жазбаша — мәлімдеме жасап, Иран АҚШ пен Израильге қарсы соғыста жаңа майдандар ашу мүмкіндігін қарастырып отырғанын жеткізді.

56 жастағы Моджтаба Хаменеи — шиит дін қызметкері. Ол Иранның саяси-діни ортасында үлкен ықпалға ие тұлға саналады. Ұзақ уақыт бойы жоғарғы көшбасшы әкімшілігінде маңызды қызметтер атқарып, Ислам революциясы сақшылары корпусы-мен тығыз жұмыс істеген.

Моджтаба Хаменеи наурыз айының басында жаңа жоғарғы көшбасшы болып сайланды. Бұған дейін АҚШ пен Израильдің соққылары салдарынан оның әкесі әрі осы лауазымдағы алдыңғы басшы Али Хаменеи қаза тапқан еді.

Арман Қайыпхан
Автордың басқа материалдары