Иранның Құм қаласындағы Жамкаран мешіті үстіне «кек туы» деп аталатын қызыл ту көтерілді, деп хабарлайды Malim.kz. RIA.RU-ға сілтеме жасап.
Бұл қадам елдің жоғарғы көшбасшысы Әли Хаменеи қаза тапқаны туралы хабарлар аясында жасалды. Ирандық БАҚ қызыл ту көтерілген сәттің видеосын таратып, бұл символдың кек алу мен әділ жаза талап ету белгісі екенін атап өтті.
Tasnim агенттігінің хабарлауынша, белгілі діни қайраткер Аятолла Макарем Ширази Израиль мен АҚШ-қа қарсы қасиетті соғыс жариялау жөнінде пәтуа берген. Оның мәлімдеуінше, бұл әрекетке «АҚШ үкіметі мен сионистік режим» жауапты, ал кек алу — әлем мұсылмандарының діни міндеті.
Қызыл «кек туы» Жамкаран мешітінде бұған дейін де бірнеше рет көтерілген. Атап айтқанда, 2025 жылғы маусымдағы Иран мен Израиль арасындағы қақтығыс кезінде және 2020 жылы АҚШ соққысынан қаза тапқан КСИР генералы Касем Сулеймани өлгеннен кейін ілінген. Бұл ту Иранның діни-саяси риторикасында кек алу, құрбандар үшін жауап қайтару және қоғамды жұмылдыру нышаны ретінде қарастырылады.