Құқық қорғаушылардың мәліметінше, Ирандағы үкіметке қарсы наразылық акциялары барысында қаза тапқандар саны 500 адамнан асты, деп хабарлайды Sky News. Елде үш күндік аза тұту жарияланды.
Иран президенті Масуд Пезешкиан аза тұту шараларына қосылатынын мәлімдеп, ел азаматтарын 12 қаңтар күні өтетін ұлттық маршқа қатысуға шақырды.
Қаза тапқандардың қатарында 490 наразылық білдіруші және Иранның қауіпсіздік құрылымдарының 48 қызметкері бар. Human Rights Activists News Agency (HRANA) деректеріне сәйкес, елде шамамен 10 мың адам қамауға алынған. Иран билігі әзірге адам шығынына қатысты ресми мәлімет жариялаған жоқ.
Наразылық акциялары Иранның барлық провинцияларындағы 186 қала мен елді мекенге тарады. Зорлық-зомбылықтың күшеюі мен адам шығынының артуына байланысты Иран үкіметі ұлттық қарсылық барысында қаза тапқандарды еске алу мақсатында үш күндік аза тұту жариялады.
Осы уақытта Ирандағы жағдайдың ушығуына байланысты халықаралық ойыншылардың ықтимал араласу шаралары да талқыланып жатыр. АҚШ Мемлекеттік хатшысы Марко Рубио мен Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху наразылықтарға жауап ретінде АҚШ-тың қандай қадамдар жасауы мүмкін екені жөнінде кеңес өткізді.
Еске сала кетсек, АҚШ-та орналасқан Адам құқықтарын қорғау белсенділерінің жаңалықтар агенттігі (HRANA) Ирандағы наразылық акциялары кезінде қаза тапқандар саны 544 адамға жеткенін хабарлады.