Қазгидромет баспасөз қызметі Иран аумағында пайда болды делінген «қышқыл бұлттар» туралы тараған ақпаратқа түсініктеме берді, деп хабарлайды Malim.kz.
Бұған дейін әлеуметтік желілерде АҚШ пен Израильдің Иранның мұнай инфрақұрылымына жасаған соққылары салдарынан мұнай өңдеу зауыттары мен мұнай қоймаларында ірі өрттер шыққаны туралы ақпарат тараған.
Салдарынан улы бұлт пайда болып, ауа массаларының әсерімен Өзбекстан, Қазақстан және Қытай бағытына қарай жылжи бастағаны айтылған.
Сонымен қатар Тегеран қаласында «қара жаңбыр» жауғаны және күкірт диоксиді, азот қосылыстары мен күйенің жоғары концентрациясы тіркелгені туралы хабарламалар тарады. Ал Иранның Қызыл жарты ай қоғамы қышқыл жауын-шашынның түсу қаупі бар екенін ескертіп, оның теріге химиялық күйік түсіріп, өкпеге зиян келтіруі мүмкін екенін мәлімдеген.
Алайда «Қазгидромет» мамандары Иран үстінде пайда болды делінетін «қышқыл бұлттардың» Орталық Азия елдеріне жетуі мүмкін деген ақпарат ғылыми деректермен және бақылау нәтижелерімен расталмайтынын айтты.
Мекеме мәліметінше, қышқыл жауын-шашын күкірт пен азот оксидтерінен түзіледі. Бұл заттар атмосфераға негізінен өнеркәсіп, энергетика және көлік салаларынан бөлінеді және көбіне ластану көздеріне жақын аймақтарда қалыптасады.
Ауа массалары алыс қашықтыққа таралған кезде табиғи атмосфералық процестердің әсерінен бұл заттардың концентрациясы айтарлықтай төмендейді.
Мониторинг нәтижелеріне сәйкес, Қазақстан мен Орталық Азия бағытында мұндай ластаушы заттардың таралу белгілері тіркелмеген.
Осыған байланысты мамандар азаматтарға ұлттық метеорологиялық және экологиялық қызметтердің ресми деректеріне сүйеніп, тексерілмеген ақпаратты таратпауға кеңес берді.