Malim.kz
Әлем

Ирандағы соққылардан балалар қаза тапты: ЮНИСЕФ дабыл қақты

Арман Қайыпхан
Фото: irna

БҰҰ Балалар қоры – ЮНИСЕФ мәліметінше, АҚШ пен Израильдің Иранға жасаған әскери соққылары салдарынан шамамен 180 бала қаза тауып, жүздегені жараланған, деп хабарлайды Malim.kz.

Ұйым балалар мен мектептердің халықаралық гуманитарлық құқыққа сәйкес қорғалуын қамтамасыз етуге шақырды.

Ең ауыр оқиға 28 ақпанда Иранның Минаб қаласында болды. Қыздарға арналған «Шеджерету-т-Таййиба» бастауыш мектебіне жасалған бомбалау кезінде 7–12 жас аралығындағы 168 бала қаза тапқан. Бұдан бөлек, елдің бес өңіріндегі мектептерге жасалған шабуылдарда тағы 12 бала мерт болды.

ЮНИСЕФ мұндай жағдай соғыстың қатыгездігін көрсететінін атап өтті. Ұйымның дерегінше, соққылар салдарынан кемінде 20 мектеп пен 10 аурухана зақымданған. Бұл балалардың білім алуына және медициналық көмекке қол жеткізуіне кері әсер етіп отыр.

Қор қақтығысқа қатысушы барлық тарапты халықаралық құқықты сақтап, бейбіт тұрғындардың, әсіресе балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге шақырды.

Арман Қайыпхан
Автордың басқа материалдары