Иранның жоғарғы рухани көшбасшысы аятолла Әли Хаменей АҚШ президенті Дональд Трамп туралы қатаң мәлімдеме жасап, оны биліктен құлау қаупі күтіп тұрғанын айтты, деп хабарлайды Malim.kz.
Өз үндеуінде Хаменей Трампты өткен тарихтағы билігінің шарықтау шегінде тақтан тайған басшылардың тағдырымен салыстырды.
"Өзін асқақ ұстап, бүкіл әлемге үкім айтып отырған адам мына бір шындықты ұмытпауы керек: тарихта Фараон, Нимрод, Реза хан, Мұхаммед Реза секілді тәкәппар әрі қатыгез билеушілер дәл билігінің шыңында құлаған. Оны да сондай тағдыр күтіп тұр", – деді Иран лидері.
Сонымен қатар Хаменей АҚШ президентін Иранда мыңнан астам адамның қазасына жанама түрде жауапты деп айыптады.
Иранның рухани көсемі ел ішіндегі наразылық акцияларына қатысушыларды да сынға алып, кейбір топтардың шетелдік қолдау алу үшін өз мемлекетіне зиян келтіруге дайын екенін мәлімдеді.
Ол Трамптың Ирандағы оппозициялық күштерді қолдайтыны жөніндегі сөздеріне де тоқталып, мұндай мәлімдемелерді орынсыз деп бағалады.
"АҚШ президенті Ислам Республикасы белгілі бір қадамға барса, наразылық білдірушілерді қолдаймын дейді. Өз елін басқарумен айналысқаны дұрыс болар еді, себебі АҚШ-тың өз ішінде де мәселелер жеткілікті", – деп түйіндеді Әли Хаменей.