Malim.kz
Әлем

Италияда әлдекімдер орманды қасақана өртеп жіберген

Айбын Атабай
Фото: видеодан скриншот/RAI

Италияның оңтүстігіндегі Калабрия өңірінде орман өрттерінің шығу себептерін зерттеп жатқан мамандар жантүршігерлік жайтты анықтады. Тергеу барысында құйрығына жанғыш материал байланған мысықтардың табылғаны хабарланды. Болжам бойынша, белгісіз адамдар жануарларды алқаптарға жіберіп, өрттің кең аумаққа таралуына әдейі ықпал еткен, деп хабарлайды Malim.kz.

Калабрияның Азаматтық қорғаныс агенттігінің өкілі Доменико Костарелланың айтуынша, оқиға орнынан жанғыш шүберектерге қойылған шамдар мен кешіктіріп жанатын құрылғылар да табылған. Бұл өрттің қасақана ұйымдастырылған болуы мүмкін екенін көрсетеді.

Қазіргі уақытта өрт сөндірушілер Поллино ұлттық паркі маңындағы жалынды ауыздықтау жұмыстарын жалғастырып жатыр. Соңғы бір тәуліктің өзінде өңірде 160-тан астам өрт сөндіру операциясы жүргізілген.

Италияның Жануарлар мен қоршаған ортаны қорғау қауымдастығы құқық қорғау органдарына ресми шағым түсіріп, бұл әрекетке қатысы бар адамдар туралы ақпарат берген азаматтарға 1000 еуро көлемінде сыйақы тағайындады.

Мамандардың айтуынша, мұндай әдіс Италияда алғаш рет қолданылып отырған жоқ. Бұған дейін Сицилия мен Неаполь маңындағы орман өрттеріне де ұйымдасқан қылмыстық топтардың қатысы болуы мүмкін деген күдік айтылған. Сарапшылардың пікірінше, кейбір мафиялық құрылымдар өрттен кейін жер телімдерін иемденіп, оларды кейін тиімді бағамен пайдалануға тырысады.

Калабрияның Азаматтық қорғаныс қызметі қоғамды табиғатты қорғауға және қасақана өрт қою деректеріне бейжай қарамауға шақырды. Мамандар мұндай әрекеттерді адамгершілікке жатпайтын ауыр қылмыс деп бағалап отыр.

Айбын Атабай
Автордың басқа материалдары