Malim.kz
Әлем

Израиль Иранның ескертуіне қарамастан Ливанның оңтүстігіне қайтадан соққы жасады

Арман Қайыпхан
Фото: AFP VIA GETTY IMAGES

Израиль сейсенбі күні Ливанның оңтүстігіне қайтадан әуе соққыларын жасады, деп хабарлайды Malim.kz BBC-ге сілтеме жасап.

Бір күн бұрын Израильге қарсы зымырандық шабуылдарын тоқтататынын мәлімдеген Иран Израиль әскері Ливанға шабуылдарын жалғастырса, соққыларды қайта бастауы мүмкін екенін ескерткен болатын.

Ливан Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, Израильдің соққылары салдарынан Тир қаласында сегіз адам қаза тапқан. Шабуыл алдында Израиль әскері тұрғындарға қаладан кету туралы ескерту жасаған. Бұл нұсқаулық алғаш рет Тирдің христиан кварталын да қамтыды.

Жергілікті БАҚ-тың хабарлауынша, сейсенбі күні Израиль армиясының әуе және артиллериялық шабуылдары нәтижесінде Ливанның оңтүстігінде кемінде 13 адам көз жұмған. Ливан үкіметінің дерегіне сәйкес, 2 наурыздан бері жалғасып жатқан әскери қимылдар барысында елде 3666 адам қаза болған.

Тир қаласынан эвакуациялау туралы бұйрықта Израиль әскері «Хезболла» тобы бітім шарттарын бұзып, Израильдің солтүстігін атқылауды жалғастырып жатқанын мәлімдеді. Израиль тарапының айтуынша, топ содырларының бір бөлігі Тир қаласында орналасқан.

Өз кезегінде «Хезболла» сейсенбі күні Ливан аумағындағы Марун әл-Рас елді мекенінде орналасқан жаңа израильдік әскери лагерьге зымырандар ұшырғанын хабарлады. Сондай-ақ топ жауынгерлері Қантара мен Завтар әл-Шаркия аудандарында орналасқан израильдік әскери күштер мен техникаларға дрондармен шабуыл жасағанын мәлімдеді.

Израиль әскері Тир қаласы мен оған жақын аудандардың тұрғындарына қаладан шығып, солтүстікке қарай шамамен 30 шақырым жердегі Захрани өзенінен арғы бетке көшуге кеңес бергеннен кейін, тұрғындар жаппай эвакуацияланып, солтүстікке апаратын жолдарда көлік кептелісі пайда болды.

Ливан Денсаулық сақтау министрлігі Тирде сегіз адамның қаза тауып, 32 адамның жараланғанын хабарлап, бұл көрсеткіштердің алдын ала мәлімет екенін атап өтті. Құтқарушылар әлі де қираған ғимараттардың үйінділерін тазалап жатыр.

Жексенбі күні кешке Иран Израильдің солтүстігіне бірнеше толқынмен зымыран ұшырған болатын. Тегеран бұл әрекетін Израильдің Ливан астанасы Бейрутқа жасаған соққыларымен байланыстырды. Израиль Бейрутта «Хезболлаға» қарсы әскери операцияларын жалғастырып келеді.

Арман Қайыпхан
Автордың басқа материалдары