Malim.kz
Қоғам

Канье Уэстің Алматыдағы концерті шегерілді

Арман Қайыпхан
Фото: АР

Америкалық рэпер Канье Уэстің Алматыдағы концерті ауа райына байланысты 15 тамызға ауыстырылды. Музыкант бұл туралы X әлеуметтік желісіндегі парақшасында жазды, деп хабарлайды Malim.kz.

Концерт бастапқыда бүгін, 14 тамызда Алматыдағы Орталық стадионда өтуі керек болған. Ұйымдастырушылар шешімді жаңбырға және ауқымды сахналық конструкциялардың қауіпсіздігіне байланысты қабылдаған.

Атап айтқанда, концерттің негізгі визуалды нысаны саналатын алып сфералық конструкцияның беті жаңбырдан кейін тайғақ болуы мүмкін. Бұл әртістің қауіпсіздігіне қауіп төндіруі ықтимал.

Канье Уэст Алматыға концерт қарсаңында ұшып келген. Оны әуежайда қазақтың ұлттық киіміндегі өнерпаздар дәстүрлі билермен қарсы алған. Әуежай маңына рэперді көруге ондаған жанкүйер жиналды.

Концертке дайындық бірнеше апта бұрын басталған. Шоу үшін Қазақстанға 15 жүк көлігімен 100 тоннадан астам техникалық жабдық жеткізілген. Оның ішінде жарық, дыбыс және сахналық құрылғылар бар.

Ұйымдастырушылар концертке 30 мыңнан астам көрермен келеді деп күткен. 

Арман Қайыпхан
Автордың басқа материалдары