Malim.kz
Экология

Каспий жағалауынан табылған аққу өлекселеріне қатысты түсініктеме жарияланды

Ереке Базарқұл
© LADA.KZ

Бұл туралы LADA.KZ басылымы жазыпты.

Жайық-Каспий облысаралық бассейн су ресурстарын реттеу және қорғау жөніндегі инспекциясының мамандары Каспий теңізінің жағалауында аққулардың қырылуына қатысты жүргізілген тексеріс нәтижелерін жариялады.

Ресми мәліметтерге сүйенсек, Қарақия ауданының тұрғыны жағалаудан бес аққудың өлексесін тауып алғанын хабарлаған екен.

Инспекция өкілдері табылған құс өлекселерінің өте нашар күйде екенін, олардың қатты шіріп кеткенін және жыртқыштар біршама зақымдап үлгергенін мәлімдеді. Осыған байланысты, мамандар құстардан зертханалық сынамалар алу мүмкін емес екенін алға тартты. Ведомствоның хабарлауынша, өлекселердің мұндай күйі аққулардың нақты не себепті өлгенін анықтауға кедергі келтіріп отыр.

Бұған дейін Құрық ауылының балықшысы жағалаудан бірнеше күн бойы құстардың өлексесін кездестіргенін айтып, бейнежазба жариялаған еді. Ол өз сөзінде аққулардың қырылуы портқа кіретін кемелердің экологиялық заңнаманы бұзуымен байланысты болуы мүмкін деген болжам жасаған. Сонымен қатар, балықшы өткен жылы осы аумақта балықтардың да жаппай қырылғанын тілге тиек еткен болатын.

Ереке Базарқұл
Автордың басқа материалдары