Malim.kz
Әлем

Катар премьері Тегеранға аттанды: Бас тақырып - Ормуз бұғазы

Айгүл Таңатар
https://www.britannica.com/

Катар премьер-министрі әрі сыртқы істер министрі Мұхаммед бин Абдурахман әл-Тани 27 тамызда Иранға барады. Катар Сыртқы істер министрлігінің мәлімдеуінше, Тегеранда Иран өкілдерімен аймақтағы шиеленісті бәсеңдету және дипломатиялық диалогқа жағдай жасау жолдары талқыланады. Бұл туралы Катар тарапының ресми өкілі Маджед әл-Ансари хабарлады.

Келіссөздердің негізгі тақырыптарының бірі - Ормуз бұғазы арқылы еркін теңіз қатынасын қалпына келтіру. Катар Иранмен бірге бұғаздағы жағдайды соғыс басталғанға дейінгі, яғни 28 ақпанға дейінгі қалыпқа келтіру қажет деп санайды. Доха бұған дейін де Ормуздағы кеме қатынасын қалпына келтіруді дипломатиялық шешімнің басты шарттарының бірі ретінде атаған.

Бұл мәселе бұған дейін де Катар мен Иран арасындағы келіссөздердің өзегінде болған. Катар Сыртқы істер министрлігі 25 тамызда Иран мен Оманның Ормуз арқылы уақытша бірлескен кеме қатынасы дәлізін құру және бұғазды миналардан тазарту жөніндегі келіссөздерін қолдайтынын мәлімдеді. Доха мұндай қадам аймақтағы шиеленісті азайтуға мүмкіндік береді деп есептейді.

Катардың Тегеранға сапарының маңызы - Доханың АҚШ-пен одақтас бола отырып, Иранмен де байланыс арнасын сақтап отырғанында. Катар бұған дейін Вашингтон мен Тегеран арасындағы келіссөздерді жандандыруға делдалдық жасаған. Сондықтан қазіргі сапар тек екіжақты кездесу емес, Ормуз бұғазы, теңіз қатынасы және АҚШ-Иран арасындағы дипломатиялық тығырықты шешуге бағытталған өңірлік күш-жігердің бір бөлігі ретінде қаралып отыр.

Айгүл Таңатар
Автордың басқа материалдары