Malim.kz
Қоғам

KAZ Minerals шахтасында тағы бір кенші қаза тапты

Арман Қайыпхан
Фото: pixabay.com

KAZ Minerals құрамына кіретін «Востокцветмет» ЖШС-нің Артемьев шахтасында қайғылы оқиға болды, деп хабарлайды Malim.kz.

30 мамыр күні кешкі сағат 20:30 шамасында тау жыныстарының опырылуы салдарынан кенші көз жұмды.

Оқиғадан кейін апат болған учаскедегі барлық жұмыс тоқтатылды. Қазір қайғылы жағдайдың мән-жайы мен себептерін уәкілетті органдардың өкілдері мен компания мамандары қатысатын арнайы комиссия анықтап жатыр.

Компанияның мәліметінше, марқұмның отбасына қажетті көмек пен қолдау көрсетіледі. Сондай-ақ KAZ Minerals тобының басқарма төрағасы Андрей Третьяков оқиға орнына барған.

Айта кетейік, бұл соңғы уақытта компания кәсіпорындарында тіркелген алғашқы адам шығыны емес. Мамыр айының басында дәл осы Артемьев шахтасында жөндеу жұмыстары кезінде шаң-сору және желдету қызметінің механигі биіктен құлап қаза тапқан болатын.

Ал сәуір айының соңында Абай облысындағы Орлов шахтасында тау жыныстары опырылып, бір жұмысшы көз жұмып, тағы бірі жарақат алған. Наурыз айында компания нысандарының бірінде екі қызметкер зиянды газдан уланып, олардың бірі қайтыс болды.

Бұған дейін, 2024 жылдың күзінде «Иртыш» және Артемьев шахталарында болған оқиғалар салдарынан бес адам қаза тапқан еді.

Арман Қайыпхан
Автордың басқа материалдары