Malim.kz
Қоғам

KazTAG ісі. Ұйымдар қазақ билігін баспасөзге қысымды тоқтатуға шақырды

Ереке Базарқұл
© Фото: HRW

Халықаралық құқық қорғау ұйымдары Қазақстан билігін журналистерге қысымды тоқтатуға шақырды. Олар арнайы мәлімдеме жасап, соңғы апталарда Қазақстанда тәуелсіз журналистер мен бұқаралық ақпарат құралдарының қудалауға ұшырап жатқанын хабарлады, деп жазады KazTAG.

Amnesty International ұйымының Орталық Азия бойынша зерттеушісі Мейзи Вайхердингтің айтуынша, Астана сөз бостандығы мен тәуелсіз журналистиканы шектеуді тоқтатуы тиіс.

«Сөз бостандығы мен тәуелсіз журналистика – адам құқықтары мен азаматтық еркіндіктерді қорғаудың шешуші тетігі. Қазақстан билігі БАҚ еркіндігі мен ақпаратқа қол жеткізу құқығын құрметтеп, қорғауға міндетті», 

– деді ол.

Аталған мәлімдеме Human Rights Watch ұйымының ресми сайтында жарияланған.

Құқық қорғаушылар Қазақстан Үкіметі сөз бостандығын қорғауға адалдығын бірнеше рет мәлімдегенін еске салды. Бұл ұстаным ел Конституциясында және халықаралық міндеттемелерде,соның ішінде - биыл қаңтар айында БҰҰ-да өткен Әмерзімді шолу барысында да айтылған. Алайда, халықаралық ұйымдардың пікірінше, журналистер мен пікір білдіру еркіндігіне қатысты негізсіз шектеулер Қазақстандағы адам құқықтары саласында ұзақ жылдан бері шешілмей келе жатқан мәселе болып отыр.

Human Rights Watch ұйымының Орталық Азия бойынша кеңесшісі Михра Риттманн да Қазақстан билігін тәуелсіз БАҚ пен журналистерге қарсы барлық әрекеттерді тоқтатуға үндеді.

«Үкімет тәуелсіз журналистер мен бұқаралық ақпарат құралдарына жасалатын кез келген қысымды доғарып, пікір білдіру еркіндігіне қолайлы орта қалыптастыруы қажет», – 

деді ол.

Мәлімдеме Amnesty International, Civil Rights Defenders, Crude Accountability, Freedom for Eurasia, Қазақстанның Адам құқықтары және заң үстемдігі жөніндегі халықаралық бюросы, Хельсинки адам құқықтары қоры, Human Rights Watch, Адам құқықтары жөніндегі халықаралық әріптестік және Норвегиялық Хельсинки комитеті кіретін құқық қорғау ұйымдарының коалициясы атынан жасалды.

Ереке Базарқұл
Автордың басқа материалдары