Атырау облысында із-түзсіз жоғалған отбасыға қатысты іс бойынша екі адамды өлтірді деген күдікке ілінген Сұлтан Сәрсемәлиевтің ағасы бауыры жөнінде пікір білдірді, деп Malim.kz тілшісі Stan.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Күдіктінің ағасы Думанның айтуынша, ол інісімен 2024 жылдан бері тығыз араласпаған. Сұлтанды соңғы рет 2025 жылдың жазында көрген. Оның сөзінше, інісі бұрыннан тұйық, момын, көпшілікпен араласа бермейтін адам болған.
“Інім момын, өзімен-өзі жүретін, көп адаммен араласпайтын адам еді. Отбасыда төрт ағайындымыз. Інім әйелімен және 5 баласымен ата-анамыздың қолында тұратын. Анамның айтуынша, інім желтоқсанның басында келінді емдетемін деп кеткен. Өзбекстанда, Ташкентте емдетемін деп айтқан екен. Басқа ештеңе білмеймін. Мен бөлек тұрамын”, – дейді Думан есімді ер адам.
Оның айтуынша, келіні босану кезінде ауыр жағдайға түсіп, 21 күн бойы комада жатқан. Кейін есін жиғанымен, денсаулығы толық қалпына келмей, ұзақ уақыт бойы сырқаттанып жүрген.
Думан інісінің жоғалып кеткенін көпшілікпен бірге, ақпарат тараған соң ғана естігенін айтады. Қазіргі уақытта Сұлтан Сәрсемәлиевтің бес баласы әжесінің қамқорлығында.
“Мен де барлығымен бірге білдім. Қазір 5 баласы анамның қарауында. Келін науқастанғалы балаларға қарауға шамалары келмей қалды. Содан бері балаларға анамыз қарап отыр”, – дейді ер адам.
Сондай-ақ күдіктінің ағасы інісінің қазір қайда жүргенінен бейхабар екенін, тек әлеуметтік желілерде тараған ақпараттардан ғана хабардар екенін жеткізді. Оның сөзінше, бұған дейін отбасында мұндай жағдай болмаған әрі інісінің қайын жұртымен қарым-қатынасы қандай болғанын да білмейді.
Аталған іс қоғамда үлкен резонанс тудырып, тергеу жұмыстары әлі де жалғасып жатыр.