Malim.kz
Экономика

Кинотеатрлар фильм көрсету құқығын алуда қиындықтарға тап болып отыр

Арман Қайыпхан
Фото: unslpash

Қазақстандағы кинопрокат нарығы соңғы екі жылда 76,2 млрд теңгеге жетті, деп хабарлайды Malim.kz.

Алайда бірқатар өңірде бәсекелестік деңгейі төмен болып, кинотеатрлар фильмдерді көрсету құқығын алуда қиындықтарға тап болып отыр.

Бұл туралы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің талдауында айтылды. Мамандар 2024 жылғы 1 қаңтардан 2026 жылғы 1 қаңтарға дейінгі кезеңде нарықтағы 60-тан астам қатысушының қызметін зерттеген.

Талдау нәтижесінде кинопрокат нарығында жоғары шоғырлану байқалған. Нарықтағы көшбасшы – Kinopark-Kinoplexx Theatres желісі. Екінші ірі қатысушы – Chaplin Cinemas.

Сонымен қатар кейбір өңірлерде кинопрокат қызметін небәрі бір-екі компания көрсетеді. Бұл көрермендердің таңдауын шектеп, бәсекелестіктің дамуына кедергі келтіреді.

Монополияға қарсы орган саланың негізгі мәселелерінің бірі ретінде дистрибьюторлар мен кинотеатрлар арасындағы өзара іс-қимылдың бірыңғай әрі түсінікті ережелерінің болмауын атап өтті. Фильмдерді көрсету құқығын беру шарттарының нақты реттелмеуі кинотеатрлардың репертуар таңдау мүмкіндігін шектеп, шағын кинотеатрлардың мүддесіне әсер етеді.

Осы мәселелерді шешу және нарықтағы барлық қатысушыға тең жағдай жасау үшін агенттік кинопрокат қызметін реттейтін нақты тәртіп енгізуді ұсынды.

«Нарықта жұмыс істеудің ашық және кемсітусіз жағдайларын қалыптастыру үшін БҚДА кинопрокат қызметін жүзеге асыру қағидаларын әзірлеуді, дистрибьюторлар мен кинотеатрлар арасындағы үлгілік шартты бекітуді, сондай-ақ нарықты мониторингтеу тетіктерін жетілдіруді ұсынды», – делінген агенттіктің 2026 жылғы 10 тамыздағы хабарламасында.

Агенттік ұсынылған шаралар фильм контентіне нарық қатысушыларының тең қолжетімділігін қамтамасыз етіп, кинотеатрлар мен дистрибьюторлар арасындағы қарым-қатынастың ашықтығын арттырып, кинопрокат саласындағы адал бәсекелестіктің дамуына мүмкіндік береді деп есептейді.

Арман Қайыпхан
Автордың басқа материалдары