Malim.kz
Экология

Көбейтұз көлі ерекше қорғалатын табиғи аумақ болады

Арман Қайыпхан
Фото: gov.kz

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, Ақмола облысындағы қызғылт түсімен танымал Көбейтұз көлі ерекше қорғалатын табиғи аумақ мәртебесіне ие болады, деп хабарлайды Malim.kz.

Осыған байланысты “Бұйратау” мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағы кеңейтіліп, оның құрамына Көбейтұз көлінің акваториясы енгізіледі. Бұл шешім көлдің бірегей экожүйесін тиімді қорғауға мүмкіндік береді.

Елордадан шамамен 160 шақырым жерде орналасқан Көбейтұз – Қазақстандағы ерекше табиғи нысандардың бірі. Жыл сайын көлге мыңдаған турист келеді. Келушілер санының артуына байланысты Ақмола облысының әкімдігі жағалау аумағын абаттандыру жұмыстарын бастайды. Жоба аясында бақылау алаңы мен автотұрақ салынып, келушілерге табиғи құбылысты қауіпсіз тамашалап, суретке түсіруге жағдай жасалады. Барлық жұмыстар көлдің экожүйесіне зиян келтірмеу қағидаты негізінде жүргізіледі.

Қазіргі таңда Көбейтұз Ақмола облысының табиғи символдарының біріне айналған. Сондықтан табиғи нысанды сақтай отырып, туристерге жайлы әрі қауіпсіз жағдай жасау басты міндеттердің бірі саналады. Мамандардың айтуынша, көлді табиғи қалпында сақтау экологиялық талаптарды қатаң сақтап, аумақты сауатты абаттандыру арқылы ғана мүмкін.

Бірегей табиғи аумақтарды қорғау – мемлекеттік экологиялық саясаттың негізгі бағыттарының бірі. Жаңа Конституцияда жоғары экологиялық мәдениетті қалыптастыру ел қызметінің басты қағидаттарының бірі ретінде белгіленген. Ал ерекше қорғалатын табиғи аумақтар желісін кеңейту осы саясатты іске асырудың маңызды тетігі болып отыр.

Көлді қорғау және абаттандыру бойынша қолға алынған жұмыстар “Таза Қазақстан” жалпыұлттық экологиялық бастамасының мақсаттарына сәйкес жүзеге асырылады. Бұл шаралар Көбейтұздың нәзік экожүйесін сақтап, қоршаған ортаны қорғауға бағытталған.

Бұған дейін Ақмола облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы көл суына гидрохимиялық зерттеу жүргізген. Сараптама қорытындысында аммонийлі азот, аммиак, хлоридтер, мышьяк, сульфаттар және басқа да бірқатар заттардың мөлшері шекті рұқсат етілген деңгейден жоғары екені анықталды. Осыған байланысты көлде шомылуға және жағалауынан тұз жинауға тыйым салынған.

Абаттандыру жұмыстары кезінде Көбейтұз көліне кіру уақытша шектеледі. Жағалау сызығына жақындауға және белгіленген шектеу аймағына өтуге рұқсат берілмейді. Көлге кіреберістерде тәулік бойы бақылау бекеттері жұмыс істеп, аумақты полиция қызметкерлері мен уәкілетті органдар бірлесіп күзетеді.

Ақмола облысының әкімдігі тұрғындар мен туристерді табиғат қорғау талаптарын сақтап, қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауға шақырды. Көбейтұздың табиғи ерекшелігін келер ұрпаққа сақтау – ортақ міндет екені атап өтілді.

Арман Қайыпхан
Автордың басқа материалдары