Malim.kz
Қоғам

Көкшетауда 136 млн теңге жинаған қаржы пирамидасының басшыларына үкім шықты

Арман Қайыпхан
Фото: pixabay

Көкшетауда «S-Group» қаржы пирамидасын ұйымдастырғандарға сот үкімі шықты. Бұл туралы Ақмола облыстық сотының баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды Malim.kz.

Көкшетау қалалық соты Ж., З. және А.-ға қатысты істі қарап, оларды қаржы пирамидасын құрып, оған басшылық етті деп таныды.

Тергеу деректеріне сәйкес, айыпталушылар алдын ала келісіп әрекет етіп, аса ірі көлемде қаражат тартқан.

Сонымен қатар олар әлеуметтік желілер мен интернет-ресурстар арқылы пирамиданы белсенді түрде жарнамалаған. Нәтижесінде көптеген азамат қаржылай шығынға ұшыраған.

Іс материалдарына сүйенсек, Ж. 2020 жылдың ақпанынан бастап салымшы ретінде қатысып, кейін Көкшетауда «S-Group» бөлімшесін ашып, оны басқарған. Сол жылдың қазанында ол бұрын басқа қаржы пирамидаларына қатысқан З.-ны тартқан. Ал 2021 жылдың мамырында А. қосылып, жаңа салымшыларды әлеуметтік желі арқылы іздестірген.

Азаматтар жоғары табысқа сеніп, ақша салған. Алайда жиналған қаражат пирамиданы ұйымдастырушылар мен оған ертерек қосылғандар арасында бөлініп отырған. Жалпы тартылған қаржы көлемі 136,5 млн теңгеге жеткен.

Бұдан бөлек, 2024 жылдың маусымында А. жәбірленушінің атына несие рәсімдеп, 30 млн теңгені иемденген.

Сот шешімімен Ж. мен З. 6 жылға бас бостандығынан айырылды. З.-ның жазасы бір жылға кейінге шегеріліп, мінез-құлқына бақылау белгіленді. А. 6 жыл 6 айға сотталды.

Сондай-ақ сотталғандардың мүлкі тәркіленді: пәтерлер, автотұрақтар, көліктер, гараж, жер телімі және ұялы телефондар.

Мемлекет пайдасына 136,5 млн теңге өндірілді. Жәбірленушілерге келтірілген шығын ретінде 1,6 млн теңге өтеліп, А.-дан қосымша 30 млн теңге өндіріп алу шешілді.

Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.

Арман Қайыпхан
Автордың басқа материалдары