Көкшетау қалалық соты әкімшілігінің басшысы Аян Дүйсековтің өліміне байланысты сотқа дейінгі тергеу басталды. Марқұмның отбасы оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты тексеруді сұрап отыр, деп Malim.kz тілшісі, bairaq_media-ға сілтеме жасап хабарлайды.
1998 жылы туған Аян Дүйсеков сот жүйесінде еңбек еткен. Жұбайының айтуынша, ол өз мамандығына берілген, демалыс күндері де жұмысқа шығып, болашақта судья болуды армандаған.
Отбасының мәлімдеуінше, соңғы айларда Аянға жұмыс орнында моральдық және психологиялық қысым көрсетілген. Сондай-ақ туыстары оған қатысты негізсіз тәртіптік жаза қолданылып, бірнеше ай ғана тұрған қызметтік пәтерінен шығару мәселесі көтерілгенін айтады.
Марқұмның жұбайы құзырлы органдардан аталған жайттарды тексеріп, лауазымды тұлғалардың әрекеттеріне құқықтық баға беруді сұрады. Бұған қоса, ол Аян қайтыс болғаннан кейін кейбір басшылардың еңбекке жарамсыздық парағын рәсімдегені туралы ақпараттың да тексерілгенін қалайды.
Ақмола облысының полиция департаменті Аян Дүйсековтің өліміне байланысты ҚР Қылмыстық кодексінің 105-бабы — "Өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу" бойынша сотқа дейінгі тергеу басталғанын хабарлады.
"Қазіргі уақытта қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп, оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр. Тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жарияланбайды", – делінген полиция мәлімдемесінде.
Аян Дүйсековтің артында жұбайы мен екі кішкентай баласы қалды. Туыстары ешкімнен кек алуды көздемейтінін, тек оқиғаның ақиқаты анықталып, тергеудің объективті жүргізілуін қалайтынын жеткізді.