Malim.kz
Әлем

Колумбияда ұшақ апатына ұшырағандар саны 66 адамға жетті

Айбын Атабай
caracol.com.co

Колумбияның Пуэрто-Легуисамо қаласында C-130 Hercules әскери-тасымалдау ұшағы апатқа ұшырап, кемінде 66 адам қаза тапты. Бұл туралы Malim.kz Caracol радиостанциясына сілтеме жасап хабарлайды. 

Радиостанция мәліметінше, қаза тапқандардың 58-і Ұлттық армия сарбаздары, алтауы – Колумбия әуе күштері қызметкерлері, екеуі – Ұлттық полиция өкілі. Апат болған ұшақта жалпы 128 әскери қызметкер болған. Билік әлі де қиранды астынан мәйіттерді іздеу жұмыстары жалғасып жатқанын хабарлады.

Генерал, әуе күштерінің қолбасшысы Карлос Фернандо Сильва Руэданың айтуынша, C-130 Hercules ұшағы Пуэрто-Легуисамо қаласынан Пуэрто-Асис қаласына ұшқан. Пуэрто-Легуисамо қаласында Колумбия теңіз күштерінің базасы орналасқандықтан, әскерилер апат орнына жылдам жетіп, зардап шеккендерге көмек көрсетті.

“Жарақат алғандарды тасымалдау үшін 50 кереует сыятын Колумбия Әуе күштерінің санитарлық ұшағын жібердік, кейін 24 кереуеттік орны бар тағы бір ұшақ жіберіледі”, – деді ол.

Бұған дейін радиостанция 48 адамның қаза болғанын хабарлаған еді. Қазір Пуэрто-Легуисамо қаласында болған ұшақ апатынан 66 адамның қаза болғаны расталды. 

Жарақат алған әскери қызметкерлер Нейва, Флоренсия және Богота қалаларына жеткізіліп жатыр.

Елдің қорғаныс министрі Педро Санчес ұшақта техникалық ақау болмағанын, ол ұшып шыққаннан кейін көп ұзамай құлағанын, аэродромнан шамамен бір жарым шақырым жерде тоқтағанын хабарлады. Оның айтуынша, сыртқы шабуылдың ешқандай белгілері жоқ, ұшақтағы өрт салдарынан әскери қызметкерлер тасымалдаған кейбір оқ-дәрілер жарылған.

Айбын Атабай
Автордың басқа материалдары