Жаңаөзен қаласында көз жұмған дәрігер Нұрдәулет Аманғалиевтің өліміне қатысты тың деректер жарияланды. Күдікті марқұмды 21 жерінен пышақтаған, деп хабарлайды Malim.kz.
Қайғылы жағдайдан кейін марқұмның қарындасы Меруерт Жамбылқызы әлеуметтік желіде жан тебірентерлік жазба қалдырды. Ол ағасының өмір бойы өзгелерге көмектесіп, өзін ойлауға уақыт таппағанын айтып, жүрекжарды сөзін арнады.
"Тым көп сынақты бастан өткіздің, қарап отырсам той да көрмепсің. Сондағы ақкөңіл жүрегіңнің бәріне деген көмегіңнен босамадың-ау… Бірге қыдырып үлгермедік. Өзіңді кішкене болсын ойламадың ғой. Балам, отбасым деп жүріп, сондай зұлымдарға тап болғаның-ай! Сенің мейіріміңді пайдаланып істеп отырған істерін ешқашан кешірмейміз! Барлығын! Қош бол ағам, жаның жәннатта болсын", – деп жазды қарындасы.
Марқұмның туыстары бұл қылмыстың оның кәсіби қызметімен байланысы жоқ екенін мәлімдеді. Олардың айтуынша, күдіктінің жұбайы ауруханада медбике болып істейді, ал қайғылы оқиға қызғаныштан туындаған тұрмыстық жанжал салдарынан орын алуы мүмкін.
Марқұмның анасы да баласының өліміне байланысты ауыр күйін жеткізді.
"21 жерінен пышақтаған. Сау адам ондайға бара ма? Адам итке де олай жасамайтын шығар. Отырған жеріне барып, пышақтапты… Бір адам көрмеген бе сонда?" – дейді ол.
Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бекболат Ізбасаровтың мәліметінше, Нұрдәулет Аманғалиев мойын, кеуде және қол тұсынан ауыр жарақат алған. Ірі қан тамырлары зақымдалып, көп қан жоғалтқан. Дәрігерлер шұғыл операция жасағанымен, оның өмірін сақтап қалу мүмкін болмаған.
Марқұм небәрі 29 жаста еді. Артында бір ұл мен бір қызы қалды.