Шымкентте 65 жастағы ер адам көршісімен болған жанжалдан кейін көз жұмды. Қайғылы оқиға Хамза көшесінде болған. Марқұмның жақындарының айтуынша, жағдай оның 5 жасар немересінің көз алдында болған, деп хабарлайды Malim.kz.
Qaz365.kz мәліметінше, 65 жастағы қария мен 39 жастағы көршісінің арасында жанжал шыққан. Жанжал кезінде зейнеткер ауыр соққы алып, арыққа құлаған. Туыстары оның жұлыны зақымданғанын айтып отыр.
Марқұмның отбасы екі шаңырақтың шамамен 20 жыл бойы көрші тұрғанын жеткізді. Олардың сөзінше, бала кезінен көз алдында өскен көршісінің қатысы бар деген күдік отбасы үшін ауыр соққы болған.
Оқиғаның бір бөлігі көршінің бейнебақылау камерасына түсіп қалған. Кадрларда қарияның жанжал кезінде қарсы алдындағы адамнан шегініп, кейін соққыдан арыққа құлағаны көрінеді. Ол содан кейін орнынан тұра алмаған.
Марқұмның туыстары күдіктінің оқиғадан кейін үйдегі кондиционерді де алып кеткенін айтып отыр.
Оқиғаның нақты мән-жайы мен күдіктінің әрекетіне құқықтық бағаны тергеу анықтайды.