Malim.kz
Әлем

Кремль АҚШ, Украина және Ресей арасындағы келіссөздерге дайындықты жоққа шығарды

Арман Қайыпхан
Фото: ria.ru

Кремль АҚШ, Украина және Ресей арасында үшжақты келіссөздер өткізуге қатысты нақты жоспарлардың жоқ екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Malim.kz. DW-ге сілтеме жасап.

Дегенмен соғысты ықтимал аяқтау мәселесіне байланысты консультациялар әртүрлі деңгейде жалғасып жатыр.

Ресей президентінің көмекшісі Юрий Ушаков АҚШ, Украина және Ресей өкілдерінің тікелей кездесуіне дайындық жүріп жатқаны туралы ақпаратты жоққа шығарды. Оның айтуынша, бұл бастама әзірге нақты талқыланып жатқан жоқ. Ол жексенбі, 21 желтоқсанда, Кремльде Украина президенті қолдаған үшжақты кездесу идеясы туралы сұраққа жауап бере отырып осылай деді.

Бұған дейін Ресеймен тікелей келіссөздерден бірнеше рет бас тартқан Украина президенті Владимир Зеленский АҚШ-тың үшжақты кездесу өткізу жөніндегі бастамасын қолдайтынын мәлімдеген. Сонымен қатар ол мұндай кездесуден айтарлықтай серпіліс күтпейтінін, алайда егер оның нәтижесі тұтқындар алмасуға немесе мемлекет басшыларының кездесуіне дайындыққа әкелсе, Киев бұл форматтағы диалогты қолдайтынын айтқан.

Жұма күнінен бері АҚШ-тың Флорида штатында Украинадағы соғысты ықтимал аяқтауға арналған консультациялар қайта жалғасты. Онда Украина тарапынан бас келіссөз жүргізуші Рустем Умеров пен Украина Қарулы күштері Бас штабының бастығы Андрей Гнатов, ал АҚШ тарапынан арнайы өкілдер Стивен Уиткофф пен Джаред Кушнер қатысты.

Кездесулерге сондай-ақ Германия, Франция және Ұлыбритания өкілдері де атсалысты. Сенбі күні Флоридаға Ресей президентінің кеңесшісі Кирилл Дмитриев те келген.

Арман Қайыпхан
Автордың басқа материалдары