Мәскеудегі Екінші Батыс округтік әскери соты «Крокус Сити Холл» концерт залындағы теракт ісіне қатысы бар тұлғаларға 19 жыл 11 айдан бастап өмір бойына дейінгі жаза тағайындады, деп хабарлайды Malim.kz ТАСС-қа сілтеме жасап.
Олардың арасында шабуылды тікелей жасағандар да, қару тасымалдап, оқ-дәрі мен қаржылай көмектескен сыбайластары да бар. 11 көмекші мен төрт тікелей орындаушы өмір бойына бас бостандығынан айырылды, ал тағы төртеуіне 19 жыл 11 айдан 22 жарым жылға дейін жаза кесілді.
Сотталғандардың қатарында теракт жасаушыларға пәтер жалға берген Алишер Касимов, сондай-ақ содырларға көлік сатқан ағайынды Исломовтар мен олардың әкесі бар.
Олар жазасының бір бөлігін түрмеде, ал қалғанын ерекше режимдегі колонияда өтейді. Әрқайсысына 990 мың ресей рублі (шамамен 11,3 мың доллар) көлемінде айыппұл салынды.
Ресей Тергеу комитеті концерт залындағы теракт қазіргі Украина басшылығының мүддесі үшін жасалып, Ресейдегі саяси жағдайды тұрақсыздандыруды мақсат еткенін мәлімдеді.
Сонымен қатар, «Крокус» ісі бойынша екі ұйымдастырушы мен төрт сыбайласқа қатысты тергеу жалғасып жатыр, олар іздеуде.
Сот сондай-ақ зардап шеккен азаматтар мен материалдық шығынға ұшыраған компаниялардың талап-арыздарын қанағаттандырып, айыпталушылардан 200 млн рубльден (шамамен 2,5 млн доллар) астам өтемақыны бірлесіп өндіріп алуды міндеттеді.
Айта кетейік, «Крокус Сити Холл» концерт залындағы теракт 2024 жылдың 22 наурызында Мәскеу облысындағы Красногорск қаласында болған.
Қарулы адамдар ғимараттағы адамдарға автоматтан оқ жаудырып, көрермендер залын өртеп жіберген. Салдарынан 149 адам қаза тауып, бір адам із-түзсіз жоғалды, тағы 609 адам жарақат алды.