Абай облысында жүргізуші куәлігінсіз жүрген мас әйел жол-көлік оқиғасын тудырып, бірден үш көліктің зақымдануына себеп болды.
Кейін рөлді оған мас күйдегі күйеуі бергені анықталды, деп Tengri Auto Абай облысы полиция департаментіне сілтеме жасап хабарлайды.
Жол апаты Курчатов қаласында болған. Бейнебақылау камерасындағы жазбада құқық бұзушы әйел басқарған автокөліктің аулада тұрған бірнеше көлікті соққаны көрінеді.
Оқиғадан кейін әйел жүргізуші медициналық тексеріске жеткізілді, оның нәтижесі орташа дәрежедегі алкогольдік масаң күйде болғанын көрсетті.
«Сонымен қатар, автокөлік иесі — құқық бұзушының күйеуі — де мас күйде болғаны және жүргізуші куәлігі жоқ адамға көлікті басқартқаны анықталды», — деп хабарлады полиция.
Ерлі-зайыптылар әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Енді оларды сот күтіп тұр.