Төрт адам қаза тауып, тағы жетеуі жарақат алды. Бұл оқиға Куба шекарашыларының Флоридадан келген азаматтық катермен атысуы салдарынан болған, деп хабарлады Tengrinews.kz CNN-ге сілтеме жасап.
Куба Ішкі істер министрлігінің мәлімдемесінде шекарашылар катер Кубаның аумақтық суларына, Вилья-Клара провинциясындағы Фальконес-Кей аралы маңына (Флоридадан шамамен 160 шақырым жерде) кіргеннен кейін оны сәйкестендіру үшін жақындағаны айтылған.
Cubadebate басылымы келтірген мәлімдемеге сәйкес, жылдам жүретін катер жолаушыларының бірі шекарашылар кемесіне оқ атып, оның командирін жаралаған. Осыдан кейін шекарашылар жауап ретінде оқ атқан. Жылдам катер бортындағы тағы алты адам жарақат алып, оларға медициналық көмек көрсетілуде.
«Флорида штатында тіркелген FL7726SH нөмірлі жылдам катерде 10 қарулы адам болғаны анықталды. Ұсталғандардың алдын ала көрсетулеріне сәйкес, олар лаңкестік мақсатта елге заңсыз кіруді жоспарлаған», — деп хабарлады Куба ІІМ.
Куба билігі катер жолаушылары АҚШ-та тұратын кубалықтар болғанын мәлімдеді. Кейін ІІМ катер бортынан автоматтар, тапаншалар және Молотов коктейльдері тәркіленгенін нақтылады.
Министрлік сондай-ақ аман қалған жолаушылардың екеуі бұған дейін Куба тарапынан терроризм үшін іздеуде болғанын қосты.
АҚШ Мемлекеттік хатшысы Марко Рубио АҚШ-тың Гаванадағы елшілігі оқиғаны тергеп жатқанын мәлімдеді.
«Біз мұнда нақты не болғанын анықтаймыз, содан кейін тиісті шаралар қабылдаймыз», — деді Рубио.
Флоридадан келген катерге қатысты бұл оқиға АҚШ-тың Кубаға қысымды күшейтуі аясында орын алды. Венесуэлада әскери операция жүргізіліп, Николас Мадуро ұсталғаннан кейін АҚШ президенті Дональд Трамп Куба билігін АҚШ-тың ұлттық қауіпсіздігіне қауіп төндірді деп айыптап, Гаванаға мұнай немесе мұнай өнімдерін жеткізуді жалғастыратын барлық мемлекеттерге кедендік баж салығын енгізуге уәде берді.
АҚШ-тың мұнай жеткізіліміне қойған шектеулеріне байланысты Куба гуманитарлық дағдарыс шегіне жетті. Ақпан айының ортасында Испания аралға азық-түлік пен дәрі-дәрмек жіберетінін мәлімдеді, сондай-ақ Мексика да гуманитарлық көмек көрсетті. Ал Гавана болса, АҚШ-пен алдын ала шарттарсыз келіссөз жүргізуге дайын екенін мәлімдеп отыр.