Malim.kz
Қоғам

"Күйеуімді қатты сағындым": Әнші Роза Рымбаева марқұм жолдасын еске алып, көзіне жас алды (ВИДЕО)

Мадияр Қапанбек
Malim.kz коллажы

Қазақстанның халық әртісі, әйгілі әнші Роза Рымбаева көп жыл бірге ғұмыр кешкен өмірлік серігі, талантты музыкант Тасқын Оқаповты сағынышпен еске алды, деп хабарлайды Malim.kz.

Өнер иесі жұбайының өзінің өмірі мен шығармашылығына қосқан үлесін ерекше ілтипатпен айтып, оның қолдауы болмағанда бүгінгі жетістікке жету қиын болар еді дейді.

"Күйеуімді қатты сағынамын. Жалғыздық тек өмірде ғана емес, өнерде де болады екен. Әрине, менің өнерімді жақсы көретін адамдар көп. Бірақ мен бәрін Тасқынмен салыстырамын. Оның деңгейіне жеткен адамды кездестірмедім, тіпті ондай адамды іздеген де жоқпын. Екі балама өзім әке де, шеше де болдым. Қазір немерем бар. Осы деңгейге жетуіме бар махаббатын, бар білімін арнаған – Тасқын. Егер Тасқынмен кездеспегенде, бүгін сахнада жүрер ме едім, білмеймін. Мұны жасың ұлғайған сайын тереңірек түсіне түсесің", – деді әнші.

Деректерге сүйенсек, Тасқын Оқапов қазақ музыка өнерінде өзіндік қолтаңбасы қалған дарынды музыкант болған. Ол 1999 жылы, кенже ұлы дүниеге келерден бірнеше ай бұрын өмірден өткен.

Роза Рымбаева мен Тасқын Оқаповтың Әли және Мәди атты екі ұлы бар. Үлкен ұлы Әли Оқапов бүгінде танымал әнші, биші әрі продюсер ретінде белгілі. Ал Мәди Рымбаев та музыка саласында өз жолын қалыптастырып келеді.

2023 жылы Роза Рымбаева әже атанып, отбасына үлкен қуаныш келді. Әли Оқапов пен жұбайы Ақерке Бүркітбайдың шаңырағында Зейін есімді сәби дүниеге келген.

Айта кетейік, Роза Рымбаева – қазақ эстрадасындағы ең танымал тұлғалардың бірі. Ол 1957 жылы Шығыс Қазақстан облысында дүниеге келген. Әншінің шығармашылық жолы 1975 жылдан басталады. Алғашында "Гүлдер" ансамблінің солисі болып танылып, кейін "Арай" ансамблінде өнер көрсетті.

1977 жылы Болгарияда өткен "Алтын Орфей" халықаралық байқауында Гран-при жеңіп алуы – оның өнер жолындағы ең ірі жетістіктерінің бірі болды.

Әншінің орындауындағы "Әлия", "Атамекен", "Айгөлек", "Куә бол", "Гүлдене бер, туған жер" сияқты әндер қазақ эстрадасының алтын қорына енген.

Ұзақ жылғы еңбегі үшін Роза Рымбаева "Парасат", "Құрмет", "Халықтар достығы" ордендерімен, сондай-ақ Қазақстан Республикасының мемлекеттік сыйлығымен марапатталған. Халық арасында ол "Қазақ примадоннасы", "Қазақстанның алтын дауысы", "Орта Азия бұлбұлы" деген атаулармен кеңінен танымал.

Мадияр Қапанбек
Автордың басқа материалдары