Malim.kz
Қоғам

"Күйеуіме өзім басқа әйел таңдап бердім": Әнші Майра Ілиясова ел естімеген құпиясын ашып айтты (ВИДЕО)

Мадияр Қапанбек
youtube.com/@DinaraSatzhan. Суретте: Майра Ілиясова

Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, танымал әнші Майра Ілиясова жеке өміріне қатысты көпшілік біле бермейтін жайттарды айтып, бұрынғы жолдасы туралы естелігін бөлісті. Өнер иесі бұл туралы "Өнер өрнегі" бағдарламасына берген сұхбатында баяндаған, деп хабарлайды Malim.kz.

Әншінің айтуынша, жолдасы Бақытжан оның шығармашылық жолын әрдайым түсіністікпен қабылдап, қолдау көрсеткен. Ол үйге түн ортасында немесе таңға жуық келсе де, күйеуі ешқашан реніш білдірмегенін айтады.

"Жолдасым Бақытжан өте түсінігі мол, кең жүректі адам еді. Менің өнерімді түсініп, әрдайым қолдау білдірді. Таңғы сағат бесте келсем де, бір рет те ауыр сөз айтқан емес. Бір жолы 40 күнге іссапарға кетіп, қызымды күйеуіме қалдырдым. Сол уақыт ішінде оның қатты жүдеп кеткенін көрдім. Сонда "осындай ер азаматты қор қылып жүрмін бе?" деп ойладым. Тамақты да дұрыс ішпейді. Еркектің үйінде күтіп отыратын жары болуы керек қой", – дейді әнші.

Майра Ілиясова бұл мәселе туралы екі жыл бойы ойланып, ақырында ортақ шешімге келгендерін айтады. Оның сөзінше, өнер жолынан бас тарту өзіне оңай болмаған.

"Мен өнерді тастап кете алмадым. Өмір солай өрбіді. Сондықтан оған өзіне лайықты жан табуы керектігін айттым. Қазір де араласамыз. Оның отбасы, ұлы бар. Бәрі жақсы", – деп әншінің сөзін келтіреді turkystan.kz сайты.

Айта кетейік, Майра Әлімғажинқызы Ілиясова 1956 жылы 3 мамырда Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданында дүниеге келген. Ол – эстрада және халық әндерін орындаушы, продюсер. 1995 жылы Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі атағын алған. Сонымен қатар "Құрмет" және "Парасат" ордендерінің иегері.

Майра Ілиясова шығармашылық жолында көптеген концерттік бағдарламалар мен жобаларды жүзеге асырды. Олардың қатарында "Сағындырған әндер-ай", "Жан Анам", "Алтын домбыра", "Күміс көмей, жез таңдай" сияқты авторлық бағдарламалары бар. Сонымен қатар ол "Майра" продюсерлік орталығының директоры ретінде де мәдениет саласының дамуына үлес қосып келеді.

Мадияр Қапанбек
Автордың басқа материалдары